Биыл Ертіс-Баян өңірінде 15 мектеп жөнделеді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл облыста 42 білім беру ұйымы, оның ішінде 15 мектеп жөндеуден өтеді. Бұл  — Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жүзеге асатын үш жылдық бағдарлама. 

Биыл Ертіс-Баян өңірінде 15 мектеп жөнделеді
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

42 нысанның ішінде балабақша, шағын орталық, мектептер және бір колледж бар. Алдымен елдімекендерде 15 мектеп жаңарады. Ғимараттардың жылу беру жүйесі қалыпқа келтіріліп, едендері ауыстырылады. Ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіледі.

— Жалпы біздің межеміз — 28 мектепті жаңарту. Олардың алды биыл басталып кетеді. Келесі жылдарда да білім беру ұйымдарын жөндеу жалғаса береді. Үш жылдың ішінде біз бұл жұмыстарды аяқтауымыз керек. Жаңаратын мектептердің дені ауылдық жерлерде орналасқан, - деп хабарлады өңірлік білім беру басқармасынан.

Облыста бұған қоса бірнеше мектеп жаңадан тұрғызылып жатыр. Аққулы ауданы Тілектес ауылындағы құрылыс биыл аяқталады деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, Павлодарда бұрынғы мектептің ғимараты бір бөлке нанның құнына сатылып кетті. 

Соңғы жаңалықтар