Биыл инфляция қарқыны баяулады – сарапшы Қазақстан экономикасының қорытындысы туралы

Өткен жылы Қазақстан экономикасы энергетикалық дағдарыс, күрделі геосаяси жағдайлар және жеткізу тізбегіндегі іркілістер сынды бірқатар күйзеліске тап болды. Нәтижесінде инфляцияның жылдық өсуі 20%-дан асты. 2023 жылы Ұлттық банк бірнеше шарал қабылдауға мәжбүр болды және олар нәтижесін берді. Экономика саласындағы сарапшы Арман Байғанов Қазақстан экономикасындағы жылдың басты оқиғалары туралы сұхбат берді, деп хабарлайды Kazinform.

инфляция
Фото: Kazinform

«Биылғы Қазақстан экономикасының басты жетістігі – инфляция қарқынының баяулауы. Қазіргі уақытта инфляция деңгейі 10,3% көрсетуде, ал өткен жылы жылдық инфляция деңгейі 21,3%-ға жеткен еді», - деді экономист Арман Байғанов.

Оның айтуынша, тағы бір маңызды оқиға – цифрлық валютаны енгізу деп санауға болады.

«Қазір цифрландырудың белсенді дамуы жүріп жатыр, бұл ақша қатынастарына жақсы әсер етеді. Биыл Ұлттық Банк цифрлық валютаны таныстырды. Ертелі-кеш қазақстандықтарға цифрлық валютаны пайдалану ыңғайлы болады деп ойлаймын. Ал бұл сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика көрсеткіштерін төмендетеді», - деп атап өтті сарапшы.

Жалпы, экономикадағы жетістіктерді оның өсу көрсеткіштері бойынша бағалауға болады.

«1 желтоқсандағы жағдай бойынша экономиканың өсуі 4,9%-ды құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3%-дан аз болды. Бұл ретте жан басына шаққандағы ЖІӨ орташа өсімі өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға жоғары», - деп атап өтті сарапшы.

Айта кетейік, Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының 2023 жылы 4,3%-ға дейін өсуін болжаған болатын.