Биыл Қарағандыда «Жасыл ел» аясында 2000 сарбаз жұмыс атқарған
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – 2024 жылы Қарағанды қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары қызметі аясында 2000 сарбаз жұмыс атқарды.

«Жасыл ел» ЖЕЖ жобасы – қала жастарын маусымдық жұмыспен қамтамасыз ете отырып, олардың бойында еңбексүйгіштік, патриоттық қасиеттерді қалыптастыру мен қоршаған ортаны аялап ұстауға шақыратын, экологиялық мәселелерді шешудің маңыздылығын көрсететін жобалардың бірі әрі бірегейі. Сарбаздар 4 ай бойы қаламыздың экологиялық жағдайын жақсарту жұмыстарын жүргізе отыра, мектеп ауласы, қала саябақтары мен саяжолдарында білек сыбана еңбек етті. Сарбаздардың орташа еңбекақысы 105 мың болған. Әрбір сарбаз «Жасыл ел» ЖЕЖ үшін арнайы тігілген сәнді, әрі ыңғайлы фирмалық киімдерге ие болды. Белсенді сарбаздардың атқарған еңбектері елеусіз қалмай, әлеуметтік желіде дауыс беру арқылы үздік сарбаздар анықталып, оларға диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды.

«Жасыл ел» қатысушылары үшін 2024 жыл тек маусымдық жұмыспен шектеліп қана қоймай, көңілді әрі ауқымды іс-шараларға толы жыл болды. Жоба бастауы ретінде ұйымдастырылған маусым айындағы мерекелік ашылу салтанатында арнайы шақырылған әншілер Jazzdauren және Zhenis сарбаздар мен қала тұрғындары үшін өз өнерін көрсетсе, жобаны қорытындылайтын жабылу салтанатында жастар арасында танымалдылыққа ие өнер иелері Sanzhar, Alisher Konysbaev, Adil және 6ellucсi ән шырқады. Еңбек маусымында жұмыс барысын қадағалау мен сарбаздар қызметін бақылау жұмысын өз мойнына жүктеген әрбір аумақтың командирлері арнайы сыйлықтар пен қала әкімінің атынан алғыс хаттармен марапатталды. Рухани тәрбиені насихаттайтын тренингтер мен дәрістер, қызықты эко-акциялар мен флешмобтар, сарбаздар асыға күткен тимбилдинг ойындары жастардың бойында экологиялық қызығушылықты оята білді.

Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде ұйымдастырылған іс-шаралардағы «Жасыл ел» сарбаздарының еңбегін ескеру артық емес. Еңбек маусымы барысында көптеген шараларға белсене қатыса отыра, туған қаламыздың көркеюіне, экологиялық ахуалының жақсаруына, республикалық маңызы бар акцияның өлкемізде кең таралуына септігін тигізді. Күз айларында ЖОО мен колледж студенттерімен бірігу арқылы қала саябақтарында ағаш отырғызу акциясы жүзеге асты. Акция негізінде пирамидалды теректер ұжымдастырыла отырғызылып, қаланың жасыл көрікке ие болуына әсер етті.

Қаланың көгалдануы болашағымыз үшін маңызды іс-әрекет екендігі айқын. Жоғары деңгейде жүзеге асқан «Жасыл ел» жобасы келесі жылы да қатарын біршама сарбазға толықтырып, өзінің жалғасын таппақ.