Биыл карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында 1 377 заң бұзу анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Оның ішінде ең көп 1 213 жағдай Ресей Федерациясынан өнім тасымалдау кезінде байқалған. Ал Қырғызстаннан өнім әкелу кезінде 153 заң бұзу, Армениядан 6, Беларусь Республикасынан 5 заң бұзу анықталды.

Биыл карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында 1 377 заң бұзу анықталды
Фото: АШМ

 

Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар карантиндік фитосанитариялық бақылау шеңберінде белгіленген фитосанитариялық талаптарға сәйкес келмейтін өнімдердің әкелінуіне жол бермеу бойынша тұрақты негізде тиісті шаралар қабылдауда.

— 2026 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан аумағына карантинге жатқызылған өнімдерді әкелу кезінде өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптары бұзылған 1 377 оқиға анықталды.

Оның ішінде ең көп 1 213 жағдай Ресей Федерациясынан өнім тасымалдау кезінде байқалған. Ал Қырғызстаннан өнім әкелу кезінде 153 заң бұзу, Армениядан 6, Беларусь Республикасынан 5 заң бұзу анықталды, — делінген АШМ хабарламасында.

Карантинге жатқызылған өнімдерді тасымалдау кезінде негізінен фитосанитариялық құжаттардың және қажетті таңбалаудың болмауы, өнімді қайталама тексеру жүргізу үшін ұсынбау, сондай-ақ карантиндік объектілердің анықталуы сияқты оқиғалар жиі кездеседі.

Барлық жағдай бойынша тиісті шаралар қабылданады. Еліміздің өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетелік Қазақстан мен Қырғызстан фитосанитариялық қауіпсіздік бойынша меморандумға қол қойған еді