Биыл Қарулы күштерде жарғылық емес қатынастардың 13 фактісі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Қарулы күштерде жарғылық емес қатынастардың 13 фактісі тіркелді. Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев айтты.
«Бейбіт уақытта әскери қызметшілердің шығыны жауынгерлік емес шығындар деп аталады. Кез келген оқиға бойынша мұқият тексеру жүргізіліп, әскери басқару органдарының бірінші басшыларына қатаң тәртіптік және кадрлық шешімдер қабылданады. Бірақ бұл жерде біз қандай шаралар қабылдамасақ та бәрі қызмет ететін адамға байланысты екенін түсіну керек. Әскерге шақырылған азаматтар қазірдің өзінде қалыптасқан дүниетаныммен және отбасында, мектепте, достарының ортасында алған тәрбиемен келеді. Мұндай жағдайларда барлық шара мен тыйым дәрменсіз», - деді генерал-майор Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Оның дерегінше, Қарулы күштердегі кейінгі үш жылда жарғылық емес қатынастар негізінде жасалған қылмыстар саны 28 пайызға төмендеген. Яғни, 2021 жылғы 32-ден 2023 жылы 23-ке дейін түсті. Барлығы 12 әскери қызметші сотталды.
«Осы жылдың өткен кезеңінде жарғылық емес қатынастардың 13 фактісі тіркелді. Сонымен қатар менің ойымша, біз өз жұмысымызды құқық бұзушылықтар саны бойынша емес, жауынгерлік даярлық, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету міндеттерін орындау сапасы бойынша бағалауымыз керек. Дегенмен, біз әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын түсінеміз және тиісті шараларды қабылдаймыз», - деді Шайх-Хасан Жазықбаев.