Биыл Қазақстан астығын жаңа нарықтарға өткізу керек – депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Қазақстанда жиналған мол астықты шетел нарығына өткізуде қиындықтар болуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров айтты.

астық экспорты
Коллаж: Kazinform/Pixabay

«Россельхознадзор біздің астыққа қатысты кедергілер жасап жатыр деп санаймын. Қазақстанның экспорттаушылары өзінің өнімін Ресей аумағы арқылы Еуропаға тасымалдау кезінде қиындыққа тап болды. Тауарларын тоқтатып, санитарлық сертификаттарын бермей жатыр. Бұл өз кезегінде үлкен шығындарға әкелуі ықтимал. Осы жылы 25,2 млн тонна көлемінде мол астық жиналды. Сондықтан бұл өнімді тиімді экспорттау міндеті тұр», - деді А. Қожаназаров Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, ҚР Сауда және интеграция министрлігі осы мәселені шешуге кірісуі керек.

«Біздің Орталық Азия, Ауғанстан сияқты дәстүрлі нарықтарымыз бар. Олар жыл сайын алып отырған көлемде астық алады. Ал қалған мол өнімді жаңа нарыққа бағыттау қажет. Сондықтан көрші елмен үкімет деңгейінде қолайлы келіссөз болуы тиіс», - деді депутат.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында аталған мәселеге қатысты Айдарбек Қожаназаров Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдады.

«2024 жылдың 23 қыркүйегінен бастап Ресей Федерациясы Қазақстанның астығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің Ресей аумағы арқылы өтуіне біржақты шектеулер енгізді. Осы теріс шешімнің нәтижесінде астыққа, дән өнімдеріне, күнбағыс тұқымына, қызанақ, бұрыш және басқа да өнімдерге фитосанитарлық сертификат беруді тоқтатты. Халықаралық келісімдер жайына қалды», - деді депутат.

Оның айтуынша, Россельхознадзор енгізген шектеулер Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың талаптарын бұзып тұр.

«Ресей Федерациясымен ресми келіссөздерді бастау керек. Қазақстандық өнімнің транзитіне негізсіз фитосанитарлық шектеулер жойылсын. Қазақстандық өнімнің экспорты үшін басқа да логистикалық бағыттарды іске қосуымыз керек. Мәселен, Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Иран және Түрікменстанның қатысуымен тасымалдауды ұйымдастыру қажет. Керек болса өнім тасымалы үшін субсидия қарастырыңыздар. Бұл Ресейлік транзитке тәуелді болудың жолын кеседі. Сонымен қатар, Қытаймен арада Қазақстан астығы мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге арналған квоталарды ұлғайту мәселесін қарау қажет», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Россельхознадзордың Қазақстаннан Ресейге астық, қызанақ, күнбағысты экспорттауды тоқтата тұру туралы өтінішіне қатысты пікір білдірді.

Еске сала кетейік, биыл тамыз айында 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін бидайды (СЭҚ ТН коды: 1001) Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрімен әкелуге тыйым салу туралы шешім қабылданды.