Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінде мыңнан аса жауынгерлік даярлық іс-шаралары өткізілді

әскер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Әскери оқу-жаттығулар, жауынгерлік атыстар, жаттығулар мен практикалық сабақтар бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін, армияны жасақтау жүйесін жетілдіруге және аумақтық әскерлерді дамытуға бағытталған.

Қазақстан аумағында барлығы 6 халықаралық оқу-жаттығу өтті. Сонымен қатар әскери қызметшілер басқа елдердегі 24 оқу-жаттығуға және жарыстарға қатысты, деп хабарлайды Kazinform ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

әскер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Түркияда Карс елдімекенінің «Ақбала» полигонында өткізілген «Кыш-2023» көпұлтты жауынгерлік оқу-жаттығуы барысында қазақстандық әскери қызметшілер тактикалық-арнайы даярлық деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Оған Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Грузия, Түркия және Өзбекстанның әскери контингенттері қатысты.

Әзербайжанда өткен «Хазри-2023» бірлескен тактикалық оқу-жаттығуларына «Сарыарқа», «Орал» зымыранды-артиллериялық корабльдері және «Жайық» гидрографиялық кемесі жұмылдырылды. Каспий теңізінің Әзербайжан секторындағы жаттығулар екі елдің әскери қызметшілері арасында өзара тәжірибе алмасуға ықпал етті.

әскер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Өзбекстандағы «Ангрен» тау полигонындағы «Қалқан-2023» тактикалық-арнайы оқу-жаттығуына Қазақстан тарапынан армиялық, әскери-көліктік авиация бөлімшелері, сондай-ақ Парашюттік даярлау орталығының мамандары қатысты. Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу-жаттығудың белсенді кезеңін бақылады.

Халықаралық әскери ынтымақтастық жоспарына сәйкес Беларусь аумағында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери контингенттерімен «Өзара іс-қимыл-2023» бірлескен оқу-жаттығуы және «Іздеу-2023» арнайы оқу-жаттығуы өткізілді.

Екі елдің әскери ұшқыштары мен Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери қызметшілерінің қатысуымен Қазақстан мен Үндістанның «ҚазҮнді-2023» бірлескен оқу-жаттығуы өтті.

әскер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысындағы полигонында ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету, күш құрылымдарының жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелерімен тактикалық оқу-жаттығулар және «Бекет-2023» оқу-жаттығуы өтті.

Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарындағы «Шығыс», «Ново-Ахмирово», «Изенді» және «Спасск» полигондарында «Шығыс-2023» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оған 5 мыңға жуық әскери қызметші және 1,5 мың қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды.

«Жағалау» оқу-жаттығу полигонында өткен «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының барысын ҚР Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бақылады. Онымен бір мезгілде Каспий теңізінің акваториясында Әскери-теңіз күштері авиация мен Арнайы операциялар күштерінің қолдауымен маңызды объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бірлескен оқу-жауынгерлік міндеттер Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарындағы полигондарда да орындалды.

тікұшақ
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Жұмылдыру дайындығы шаралары шеңберінде «Оңтүстік» ӨңҚ әскери бөлімдерімен және Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментімен оқу-жаттығулар, Павлодар, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы аумақтық қорғаныс бригадалары басқармасымен командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығулары өткізілді.

Жалпы Қарулы Күштерде мыңға жуық жауынгерлік даярлық шаралары, жауынгерлік машиналарды жүргізуден 16 мыңнан аса сабақ және 40 мыңнан астам жауынгерлік атыс өткізілді. Олардың барлығы жеке құрамның далалық машығын жетілдіруге және бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіруге бағытталды.

Соңғы жаңалықтар