Биыл Қазақстанға қанша елдің мемлекет және үкімет басшылары келді

 дипломатия
Фото: Kazinform

Биыл Қазақстанға 32 елдің мемлекет және үкімет басшысы сапарлап келді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Биыл біз сыртқы саяси тректе ауқымды жұмыс жүргіздік, Қазақстанда бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылды және өткізілді. Қазақстан Мемлекет басшысының, Премьер-Министрінің, Сыртқы істер министрінің шет елдерге сапарлары өтті, сондай-ақ елімізге жоғары дәрежелі шетелдік қонақтар келді. Қазақстанға ресми сапармен 32 мемлекет және үкімет басшылары, 24 Сыртқы істер министрі және халықаралық ұйымдардың басшылары келді. Олардың ішінде Мажарстан, Ұлыбритания, Италия, Қырғызстан, Люксембург, Македония, АҚШ, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Швейцария, Оңтүстік Корея және басқа да сыртқы саяси ведомстволардың басшылары бар», - деді Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу осы жылы 23 елге барды.

Атап айтқанда Әзербайжан, Беларусь, Бельгия, Мажарстан, Қырғызстан, ҚХР, САК, Люксембург, Ресей, Румыния, Сербия, Солтүстік Македония, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және т.б. мемлекеттерге сапар жасады.

Өткен жылы 34 халықаралық шартқа қол қойылды.

Оның ішінде мемлекетаралық шарт – 12, үкіметаралық шарт – 15 және ведомствоаралық шарт – 7 құжат.

«Біздің еліміздің сыртқы саяси қызметі халықаралық жағдайға, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге, сондай-ақ өзекті сыртқы саяси шындықтарға сүйеніп үнемі жетілдіріліп отырады. Сыртқы істер министрлігінің негізгі міндеттері мемлекетіміз шекараларының периметрі бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, Қазақстанның өңірлік және жаһандық саясат субъектісі ретіндегі рөлін арттыру, ұлттық мүдделерді қорғау және қамтамасыз ету, сондай-ақ шет елдердегі қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып қала береді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар