Биыл қыста Павлодар өңірінің автожолдарында 10 жылыту пункті жұмыс істейді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға 2026-2027 кезең үшін 3 млрд теңге қарастырылған. Қыста жолдарды тазалауға 115 арнайы техника мен 307 жұмысшы жұмылдырылады деп жоспарланған. 

Биыл қыста Павлодар өңірінің автожолдарында 10 жылыту пункті жұмыс істейді
Фото: СҚО әкімдігі

Ертіс-Баян өңірінің қысы ызғарлы. Боран мен көктайғақ салдарынан республикалық автожолдар жиі жабылып, көліктер кептеліп тұрып қалады. Сондай сәтте жол қызметтерінің дайындығы аса маңызды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, 2026–2027 жылдардағы қысқы кезеңде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға мемлекеттік тапсырыс аясында 1,4 млрд теңге, ал ақылы учаскелер бойынша 1,6 млрд теңге қарастырылған.

— Қысқа дайындық аясында жол жиектері мен еңістердегі 1 336 шақырым аумақта шөп шабу, 3,14 шақырым жерде бұталар мен аласа ағаштарды түп-тамырымен қопару жұмыстары атқарылып жатыр. Автожолдарда 37 481 шаршы метр шұңқырлар жамалды. Қысқы кезеңде жолдардың жүріс бөлігін қардан тазалау, көктайғаққа қарсы материалдар себу, қардан қорғайтын орлар қазу және ағаш қалқандар орнату көзделген, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне «ҚазАвтоЖол» компаниясынан

Өңірдегі республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы — 1 662,7 шақырым. Оларды күтіп-ұстаумен «ҚАЖсервис» ЖШС Павлодар облыстық филиалы айналысады. Оның құрамында 8 жол пайдалану басқармасы мен 6 жол пайдалану пункті бар. Жолдарға жалпы саны 115 арнайы техника мен 307 жұмысшы жұмылдырылады деп жоспарланған.

— Республикалық жолдар бойында бойында жалпы сыйымдылығы 220 адамды құрайтын 10 жылыту пункті орналасқан. Олардың жұмысына «ҚАЖсервис» ЖШС Павлодар облыстық филиалының жол пайдалану басқармалары жауапты. Ауа райы күрт нашарлап, жолда жүру қиындаған жағдайда мұндай пункттер жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды, — деп қосты компаниядан.

Қысқы маусымда жолдарды өңдеу үшін 11 135 текше метр құм мен 3 869 тонна техникалық тұз әзірленген. Сонымен қатар жол бойындағы жарықтандыру жүйелері тексеріліп, анықталған ақауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Астана — Павлодар тасжолының жөнделіп жатқан бөлігі қашан толық ашылатыны туралы жазғанбыз.