Биыл Қостанай облысы мен Алматыда KIA және мультибрендті зауыттар іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлық позициялардың тізбесі үш есеге ұлғайтылды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысы Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлердің экономикалық өсіміне түсінік берді.

көлік зауыты
Фото: primeminister.kz

- Өткен жылы Үкімет негізінен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелеріне басымдық берді. Мемлекеттік сатып алулар шеңберінде тек қана қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлық позициялардың тізбесі 4,5 мың атауға дейін, яғни үш есеге ұлғайтылды, - деді О.Бектенов.

Оның айтуынша, реттелетін сатып алулар аясында отандық кәсіпорындармен жалпы құны 1 трлн теңгеден астам сомаға ұзақ мерзімді және офтейк-келісімшарттар жасалды. Бұл көрсеткіш 2,5 есеге өсті.

- Өз кезегінде, өндірушілер кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту, өнімнің сапасын және жергілікті өндіріс көлемін арттыру, еңбек жағдайын жақсарту бойынша міндеттемелер алуда. Мысалы, автомобиль өндірушілердің локализациялауды биыл 30%-ға дейін, ал 2027-ші жылға қарай 50%-ға дейін арттыру бойынша міндеттемелері белгіленді. Биыл екі ірі автомобиль зауытын, атап айтқанда Қостанай облысы мен Алматы қаласында жалпы өндірістік қуаттары жылына 160 мың автокөлікті құрайтын KIA және мультибрендті зауыттарын іске қосамыз, - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр Үкімет сырттан келетін тракторлар мен комбайндарды субсидиялаудан бас тартты. Бұл осыған дейін Қазақстанда өз зауыттарын ашқан шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер үшін тиімді болды. Мәселен, Петропавлдағы Claas неміс концернінің зауытына жасалған тапсырыс көлемі 2 есеге өсті. Бүгінде басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын өндірушілер Қазақстанда өндірістерін локализациялауды бастады.

- Электровоздар мен локомотивтер өндірісінде Alstom және Wabtec зауыттары елеулі технологиялық жетістіктерге қол жеткізді. Өткен жылы Атырау облысында құны 350 млн доллар, ал жылдық қуаты 6 мың вагонды құрайтын зауыт іске қосылды. Биыл Астанадағы Stadler зауыты алғашқы 50 жолаушылар вагонын шығаруды бастайды, - деді Премьер-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылы экономика 4,8 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығында 13,7 пайыз, құрылыста — 13,1, саудада — 9,1, көлік саласында 8,5 пайыз деңгейінде өсімге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9 пайызға ұлғайды. Аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді.

 

Соңғы жаңалықтар