Биыл құтқарушылар өрт ошақтарынан 600-ден астам газ баллонын шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың алғашқы төрт айында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары өрт орындарынан 654 газ баллонын қауіпсіз жерге шығарды.

а
Фото: ТЖМ

Ведомство мәліметінше, олардың 200-ден астамы 50 литрге дейінгі көлемдегі баллондар. Мұндай жағдайлар өрт сөндірушілер үшін аса қауіпті саналады, өйткені қызған кезде қысымдағы баллон кез келген сәтте жарылуы мүмкін.

ТЖМ өкілдері әрбір осындай операция жоғары дайындықты, шапшаңдықты және үйлесімді әрекетті талап ететінін атап өтті. Құтқарушылар жоғары температура, қою түтін және жарылыс қаупі бар ортада жұмыс істейді, бұл олардың өміріне тікелей қауіп төндіреді.

Министрлік азаматтарды газ баллондарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтап, материалдық шығынның алдын алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау өрттің негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Жақында ғана Көкшетауда өрт кезінде екі газ баллоны жарылды.