Биыл моноқалаларға 62,8 млрд теңге бөлінеді

моноқала
Фото: inbusiness.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл моноқалаларға 62,8 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша моноқалалардың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымының орташа қамтамасыз етілуі Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес 88,8 пайызды құрады. Бұл ретте орта есеппен алғанда су құбыры желілерінің тозуы – 55,8, кәріз желілерінің тозуы – 66,5, жылу желілерінің тозуы 54,4 пайызды құрайды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымын салу мен жөндеуге деген қажеттілік бар», - деді ол.

Министрдің айтуынша, экономиканың нақты секторын дамыту және инфрақұрылымдық мәселелерін жүйелі шешу мақсатында Алтай, Балқаш, Жітіқара, Лисаков, Риддер, Степногорск қалаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарлары бекітілді. Кешенді жоспарларда өнеркәсіп объектілерін, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдық нысандарын салуға 456,6 млрд теңгеге 326 іс-шара көзделген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 37 іс-шара орындалды, 131-і бойынша іске асыру басталды.

«Моноқалаларды қаржыландыруға тоқтала кетсек, мүдделі орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың әкімдіктері тарапынан инфрақұрылымды дамытуға жыл сайын тұрақты түрде қаражат бөлінеді. Осылайша, 2019-2023 жылдары аралығында 348,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 184 млрд теңге. 2024 жылы осы мақсаттарға 62,8 млрд теңге жоспарланған. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 31,2 млрд теңге», - деді Нұрлан Байбазаров.

Соңғы жаңалықтар