Биыл орман шаруашылығына қанша қаржы бөлінетіні белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл еліміздегі орман шаруашылығы мекемелеріне 55 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу көзделген. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев айтты.

– 2024 жылы «Жасыл даму» АҚ Өнеркәсіпті дамыту қорына 120,5 млрд теңге аударды, оның ішінде 117 млрд теңге арнайы техникалардың жеңілдетілген лизингісін қаржыландыруға бағытталды. Осы қаражат есебінен ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, орман шаруашылық мекемелері мен өңірлердің қажеттіліктеріне 1 259 бірлік техника сатып алынды, - деді ол ОКҚ алаңында.
Сондай-ақ вице-министр биыл орман шаруашылығы мекемелеріне бөлінетін қаржы қалай жұмсалатынын айтты.
– 2025 жылы орман шаруашылық мекемелерін 55 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Бұл қаражат орман дайындау техникасын сатып алуға, өртті ерте анықтау жүйелерін енгізуге, жабық тамыр жүйесі бар орман көшеттерін өсіретін питомниктер салуға, ормандарды қалпына келтіруге бағытталатын болады, - деді Жомарт Әлиев.
Вице-министр бұған дейін елімізде ірі кәсіпорындардың зиянды шығарындылары 6% азайғанын айтты.
Сондай-ақ ірі қалаларда тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін 65 зауыт салу жобасы жайлы мәлімет берді.