Биыл Павлодар колледждерінде тегін оқуға мемлекеттік тапсырыс көлемі 37%-ға ұлғайды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде колледждерде тегін оқуға мемлекеттік тапсырыс көлемі 37%-ға немесе 6 200 орынға ұлғайып отыр. Сырттан келген студенттер жатақханамен, тамақтанумен және жол ақысы үшін өтемақымен қамтамасыз етіледі.
Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледж студенттері үшін стипендия тағы 50%-ға өседі. 250 мың теңгеге дейін жалақы төленетін тәжірибе қарастырылған, бұл ретте тәжірибеден өткен кезеңі еңбек өтіліне есептеледі.
«34 колледжде «Креативті индустрия» мамандықтары бойынша сертификат берілетін «Жаңа кәсіптер мен құзыреттердің өңірлік атласы» жобасы іске асырылып жатыр. Өңір кәсіпорындарымен өзара қарым-қатынастың арқасында түлектердің 96%-ы жұмысқа орналастырылды. Өндірістік тәжірибені іздеу бойынша ақпараттық платформа өздігінен іздеуді автоматтандырды және көптеген адамдарға жұмыс табуға көмектесті», - деп хабарлады облыстық әкімдіктен.
Өңірде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін негізгі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Мұнда жұмыс берушілермен ынтымақтастық өте маңызды рөл атқарады. Мысалы, ERG компаниясымен жасалған меморандум аясында 8 колледж техникалық және кәсіптік білім алып шығатын «Әмбебап мамандарды» даярлайды.
Еске сала кетейік, биыл Павлодар облысында орта мектептерді — 4322, негізгі мектептерді 10 778 түлек тәмамдайды.