Биыл Павлодар облысында 11 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде 18 маусымнан бірінші сыныпқа оқуға өтініштер қабылдана бастады. Білім басқармасының мәліметінше, құжаттарды 3 тәсілмен жолдауға болады.
Құжаттарды қабылдау eGov порталы, oqu.edu.kz платформасы арқылы, сондай-ақ тікелей мектептерде жүзеге асырылады. Облыстық білім басқармасы барлық ата-анаға қажетті құжаттар топтамасын алдын ала дайындау керектігін ескертіп отыр. Тізімде өтініш, туу туралы куәлік, фотосурет және медициналық анықтама бар. Мұның бәрін базаға жүктеу қажет.
— Ата-аналар электронды жүйеге құжаттарды толық емес немесе қате жүктеп қоюы мүмкін. Мұндай жағдайда мектеп өтінішті қабылдаудан бас тарта алады. Бас тартудың барлық себептері ата-ананың жеке кабинетінде міндетті түрде көрсетіледі. Егер мұндай жағдай орын алса, ата-аналар құжаттарды қайта жүктей алады немесе жағдайды нақтылап, түзету үшін өздері таңдаған мектепке жүгіне алады, — дейді Павлодар облысы білім басқармасының бас маманы Аймара Сәрсембаева.
Биыл өңірде 11 мың оқушыны 1-сыныпқа қабылдануы күтіліп отыр. Сондай-ақ «3+1» жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе бойынша тіркелген мекенжайы бойынша мектеп маңында тұратын үш бала және қаланың өзге ауданынан бір бала қабылданады.
Еске сала кетейік, Алматы мектептерінде 30 мың оқушы орны жетіспейді.