Биыл Павлодар өңіріндегі су айдындарынан 59 адам құтқарылған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыста шомылу маусымы аяқталды. Жыл басынан өңірдегі су айдындарында 8 адам қаза тапқан, оның екеуі — кәмелетке толмағандар.

Ертіс өзенінде әкесі мен баласы құтқарылды
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаевтың ақпарынша, өткен жазда облыс аумағында суға түсуге арналған 35 ресми жағажай жұмыс істеген.

— Биыл Баянауыл ауданына ерекше назар аударылды. Мұнда алғаш рет тұрақты негізде жеке құтқару бөлімшесі құрылып, оған 10 штаттық бірлік бөлінді. Қосымша күш ретінде Семей қаласындағы 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тартылды. Құтқару инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі — Жасыбай көлінің жағалауында модульдік құтқару станциясының салынуы. Станцияның суға жақын орналасуы жағалаудағы жағдайды тұрақты бақылауға және төтенше жағдай кезінде әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Думан Қыдырмоллаев.

Жалпы суға түсу маусымында 59 адам құтқарылған. Оның ішінде Баянауылдағы көлдерде 44 адам тілсіз-жаудың құшағынан аман-есен шығарылған. Олардың 13-і — балалар.

— Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлардың алдын алу мүмкін болмады. Шомылу кезеңінде су айдындарында 8 адам қаза тапты, оның ішінде 2 кәмелетке толмаған бала бар, — деді департамент өкілі.

Еске сала кетейік, Ертіс өзенінде суға кеткен ер адамның мүрдесі алты тәуліктен соң табылды