Биыл Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы 172 мың гектар алқап өңделеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қансорғыш жәндіктерге қарсы әуеден өңдеу шараларының аясы биыл бірден 45 мың гектарға ұлғайып отыр. Осыған орай қосымша ұшақтар мен техникалар тарту көзделген.

Ертіс-Баян өңіріндегі дезинсекция бойынша жұмыстар 2024 жылы жасалған үш жылдық келісімшарттың аясында жалғасады. Биылғы жылы әуеден өңделетін алқаптың жалпы ауданы — 172 мың гектар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 мың гектарға артық. Павлодар қаласының 32 мың гектар жайылма аумағын, Ақсу қаласында және Павлодар ауданында 30 мың гектардан, Тереңкөл және Ақтоғай аудандарында 20 мың гектардан, сондай-ақ, Ертіс ауданында 40 мың гектар жайылма алқабын қамту жоспарланған.
— Облыс әкімі Асайын Байханов әуеден өңделетін алқаптың көлемін ұлғайтуды ескере отырып, қосымша техниканы тарту қажеттігін атап өтті. АН-2 маркалы 8 ұшаққа верификациядан кейін тағы екі борт келуі керек. Сондай-ақ, тосқауылмен өңдеу кезінде қолданылатын екі аэрозольді реттелетін дисперсия генераторына тағы 2 қосылады. Олардың әрқайсысының қамту қашықтығы — 500 метрге дейін, сыйымдылығы — 1500 литрге дейін. Қолданылатын препараттың көлемі пропорционалды түрде 14,5 мың литрге дейін артады. Байер препараттарынан басқа, поляк өндірісінің жаңа жетілдірілген құралдарын қолдану жоспарлануда. Олар наурыздың екінші онкүндігінде жеткізіледі деп күтілуде, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Қазгидрометтің болжамы бойынша биыл Павлодарға көктем ерте келеді. Ауа температурасы нормадан 2 градусқа жоғары болады деп болжануда. Бүгінде Бұқтырма су қоймасында 38 текше километр су бар. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,6 текше километрге артық. Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына келетін су көлемінің болжамды ағыны — орташа көпжылдық мәндерден 15 тен 40%-ға дейін жоғары.
Еске сала кетейік, былтыр Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы улау жұмыстары шілденің ортасына дейін жалғасқан еді.