Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы улау жұмыстары шілденің ортасына дейін жалғасады

улау жұмыстары
Фото: Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Биыл өңірдегі дезинсекциялық іс-шаралар аумағы іс жүзінде екі есеге, яғни 71,5 мың гектардан 127 мың гектарға ұлғайтылды. Осы уақытқа дейін Ертіс өзенінің жайылмаларын улау үшін 8 ұшақ жалпы саны 326 рет әуеге көтерілген.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бас маманы Жанэль Асайынова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында, қазіргі уақытқа дейін Ертіс өзені жайылмаларының 125,2 мың гектары химиялық өңдеуден өткенін хабарлады.

Мердігер компания өзен бойымен жалпы ұзындығы 1 800 шақырым болатын аумақты үш мәрте әуеден өңдеп шықты. Ал, 59 ауылдық елді мекенде барьерлік өңдеу жүргізіліп жатыр. Өңдеу көлемі мен аудандары едәуір ұлғайғанын ескерсек, биологиялық және химиялық препараттардың көлемі де артқан. Атап айтқанда 157 тонна биологиялық және 11,4 мың литр химиялық препарат қарастырылған. Бұл іс-шараларға облыстық бюджеттен 2,9 млрд теңге бөлінген еді. 

улау
Фото: Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы

Өңделген аумақтарды көлеміне қарай бөлетін болса, мынадай цифрлар шығады:

Павлодар қаласы – 31,9 мың гектар, Аксу қаласы аумағы – 15 мың гектар, Тереңкөл ауданы – 19,6 мың гектар, Ақтоғай ауданы – 19,6 мың гектар, Павлодар ауданы– 29,5 мың гектар, Ертіс ауданы – 9,2 мың гектар, Железин ауданы– 384 гектар.

«Биыл көктемде Ертіс арнасынан шыққаннан бастап ғылыми топтың сүйемелдеуімен шыбын-шіркейлердің дамуы зерттелді. Соның нәтижесінде мердігер ұйымға өңдеу жұмыстары бойынша нұсқаулықтар беріліп отырды. Көктемнің салқын болуы қансорғыш жәндіктердің дернәсілдерінің дамуының біраз тежелуіне ықпал етті. Осыны пайдаланып мердігер ұйым толығымен өңдеу жұмыстарын жүргізді. Әуелі биологиялық препаратпен, ал, су арнасына кірген соң шалшық сулар химиялық препаратпен өңделді. Авиа және жаяу өндеушілердің арқасында препараттардың тиімділігі 90%-дан жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Қазіргі кезде қолжетімсіз (жаяу және авиациямен өндеуге мүмкіндік жоқ) жерлерден қанаттанып ұшып шыққан шыбын-шіркейге қарсы барьерлік өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді Ж.Асайынова.

улау
Фото: Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы

Ғылыми топтың фенологиялық бақылаулары күнделікті негізде жүргізіледі. Олардың болжамы бойынша су мөлшерінің көп болуына байланысты өңдеу жұмыстары шілде айының ортасына дейін жалғасуы мүмкін. Қазіргі таңда Ертіс өзеңінің жағалауында орналасқан елді мекендерде сары масаға қарсы барьерлік өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда шыбын-шіркей қаптап, ауыл тұрғындарының құтын қашырып жатқаны туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram