Биыл СҚО-да ветеринариялық талаптарды бұзғандарға 11 млн теңге айыппұл салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл сауда нысандарында ет өнімдерін сатумен айналысатындарға қатысты 12 заңбұзушылық тіркелген.

Биыл СҚО-да ветеринариялық талаптарды бұзғандарға 11 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Pexels

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша 6 нұсқама беріліп, тағы 6 жағдайда әкімшілік айыппұл салынған. Жалпы сомасы — 584 мың теңге. Десек те, нысандардың қызметін шектеу немесе тоқтату қажеттілігі туындамаған.

Мал мен мал өнімдерін заңсыз тасымалдау және өткізу фактілерінің алдын алу мақсатында ветеринариялық бақылау мамандары полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейдтер өткізеді. 2025 жылы облыс аумағында осындай 282 іс-шара өткізілген. Нәтижесінде ветеринариялық заңнама талаптарын бұзудың 234 дерегі анықталды. 207 әкімшілік материал толтырылып, жалпы сомасы 9 млн 721 мың теңгеге айыппұл салынды. Оның 8 млн 800 мың теңгесі өндіріліп алынған.

Ал осы жылдың басынан бері ветеринариялық бақылау мамандары полиция қызметкерлерімен бірлесіп 245 рейд өткізген, ветеринариялық заңнама талаптарының бұзудың 210 фактісі анықталған. Құқықбұзушылықтар бойынша 199 әкімшілік материал рәсімделіп, жалпы сомасы 11 млн теңге шамасында айыппұл салынған. Бүгінге дейін оның 9 млн теңгеге жуығы өндірілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай бақылау шараларының негізгі мақсаты — ветеринариялық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету, ауру малдан алынған өнімдердің саудаға түсуіне жол бермеу және халықтың қауіпсіздігін қорғау.

Бұған дейін СҚО-да тұрғындар қандай ветеринариялық талаптарды жиі бұзатынын жазған едік.