Биыл Талдықорғанда қандай жолдар жөнделеді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысының орталығында 150-ге жуық көшеге биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жоспар бойынша жұмыстар 2026 жылы толық аяқталады.

Жетісу облысы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы Талдықорған қаласы жолдарының құрылысына, күрделі жөндеуге және күтіп ұстауға 7,7 млрд теңге бөлінген. Өңір басшысы солтүстік-батыс тұрғын ауданында, 8, 9- шы және «Жастар-1» шағын аудандарында 107 көшеге жол салу жоспарланғанын айтты.
Мәселен, өткен жылдары 40 көшеге жаңадан асфальт төселсе, қалған 67 көше 2025-2026 жылдары толық аяқталады.
Сондай-ақ Шығыс, Оңтүстік-Шығыс, «Көктал» шағын аудандары және 3-бөлімше тұрғын аудандарындағы 89 көшеге күрделі жөндеу жүргізуілуде. Оның 14-і жасалды. Биыл «Жастар-2» шағын ауданында жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталады, жалпы құны - 3,5 млрд теңге, оған жергілікті бюджеттен әзірге 500 млн теңге бөлінді.
- Жылу желілерін ауыстырғаннан кейін асфальт жабынын қалпына келтіру - маңызды мәселе. Осыған байланысты қала әкіміне асфальт төсемді қалпына келтіру және люктерді сапалы орнату жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырамын, - деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбаев.
Еске салайық осыған дейін Жетісу облысындағы ескі мектептің орнына жаңа нысан салуға 2,6 млрд теңге бөлінген жазғанбыз.