Биыл Түркістан облысынан 4 500-ге жуық азамат әскерге аттанды

Түркістан облысында  күзгі әскерге шақыру науқаны аясында жастарды  ҚР Қарулы күштері қатарына салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Kazinform.

әскер
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Жаңа жыл қарсаңында Отан алдындағы борышын өтеуге 45 жігіт әскерге аттанды. Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, жастарға ақ жол тілеп, ізгі ниетін жеткізді.

«Биыл Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы негізінде әскер қатарына 4 500-ге жуық ер-азаматты шақыру жоспарланған. Соның ішінде көктемгі және күзгі науқанда шақыру жоспары артығымен орындалып отыр. Уақыт алмасады, ұрпақтар өзгереді. Бірақ Отанға сүйіспеншілік, қажырлылық, ерлік, жауынгерлік рухымыз өзгеріссіз қалады», – деді Бейсен Тәжібаев.

Жалпы биыл өңірден Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне – 610, Мемлекеттік күзет қызметіне – 44, Қарулы күштеріне – 1 869, Төтенше жағдайлар әскерлеріне – 81, «Ұлттық ұланға» 1 729 азамат жіберілді.

Жөнелту алдында әскерге шақырылушылар медициналық комиссиядан, психологиялық тестілеуден, кәсіби іріктеуден өтті.