Биыл Түркістан және Қызылорда облыстарының шаруалары суармалы судан тарықпауы тиіс
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Түркістан және Қызылорда облыстарының шаруалары вегетациялық кезеңде суармалы судан тарықпауы тиіс. Бұл туралы бүгін Мәжілістің комитет отырысында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов айтты.
«Ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған еліміздің оңтүстік аймақтарында – Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында соңғы жылдары вегетациялық кезеңде трансшекаралық өзендер арқылы келетін судың аздығынан су жеткізуде қиындықтар бар екені де өздеріңізге белгілі. Биыл өткен жылмен салыстырғанда Тоқтағұл су қоймасында 806 млн текше шақырым, ал Киров су қоймасында 106 млн текше шақырым артық су жиналды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, осы жылдың 12 сәуірде Шымкент қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-отырысы өтті. Отырыс аясында Сырдария және Амудария өзендерінің бассейндері бойынша 2024 жылғы вегетациялық кезеңге арналған су қоймалары каскадтарының лимиттері мен болжамды жұмыс режимі бекітілді. Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының жұмыс кестесіне сәйкес 2024 жылдың вегетациялық кезеңінде Шардара су қоймасына ағын шамамен 3 692 млн текше шақырым, ал «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су беру лимиті 922 млн текше шақырым болуы тиіс.
«Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде жинақталған суды ескере отырып, қабылданған көлемдер Түркістан және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің вегетациялық кезеңде суармалы суға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруі тиіс», - деді Ерболат Ибрайханов.