Биыл ұлттық комиссия жұмысы жандана түсті – Ерлан Қарин

ерлан қарин
Фото: Kazinform

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин 2023 жылы елімізде атқарылған ауқымды істерді қорытындылады, деп хабарлайды Kazinform.

«Биыл еліміз ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының жұмысы жандана түсті. Атап айтқанда, ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы кластерлік кеңсесі Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Пәкістан және Иран мемлекеттерін қамтитын көпсалалы аймақтық кеңсе (бюро) ретінде қайта құрылды. Париж қаласында еліміздің ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдігі ашылды. Осы беделді ұйымның клуб қозғалысы аясында Қазақстан алғаш рет ЮНЕСКО-ның клубтары мен қауымдастықтарының президенті болып сайланды», — деп жазды Ерлан Қарин Telegram әлеуметтік парақшасында.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, еліміз ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетіне мүше болуы бұл — өтіп бара жатқан жылдағы маңызды жетістіктердің бірі. Онда Қазақстан өтініштерді ЮНЕСКО-ның тізіміне қосу туралы шешім қабылдауға атсалысады.

"Сондай-ақ, „Тұранның қысқы суық шөлдері“ трансұлттық нысанының құрамдас бөлігі ретінде „Алтын Емел“ ұлттық паркі мен Барсакелмес қорығы аумақтары - дүниежүзілік мұра тізіміне қосылды», — дейді ол.

Одан бөлек, Ерлан Қарин 2024-2025 жылдарға арналған ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне жазушы Б.Соқпақбаевтың және композитор, күйші Н.Тілендиевтің 100 жылдығын енгізу туралы ұсынысбың қолдау тапқанын айтты.

Соңғы жаңалықтар