Биыл заң талаптарын бұзған 20-дан астам судья анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 20-дан астам судья жауапқа тартылды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Жоғарғы сотының судьясы және Жоғары сот кеңесінің мүшесі Нұрия Сисенова мәлім етті.
«2024 жылдың 9 айында нақты сот ісін қарау кезінде 21 судья заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Былтырғы осы кезеңде 9 судья жазаланған еді. Яғни бұл көрсеткіш 9 айда екі жарым есеге жуық өсті», - деді Н. Сисенова.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Осыған дейін Сенат азаматтарды сот арқылы қорғаудың сапасын арттыруға бағытталған заңды мақұлдағанын жаздық.