Биыл жаңа астықты кептіруге шаруаларға алғаш рет сұйытылған газ бөлінді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында егін орағы басталғалы диқандар бар алқаптың тек 18% ғана жинап үлгерді. Нәтижесінде бір млн тоннаға жуық бидай бастырылды.

астыз
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, биыл әр гектардан 17,3 центнерден өнім алынып жатыр.

Былтыр өнімділік — 12 ц/га болды. Бірақ егін орағы өте баяу жүріп жатыр. Оған себеп — ауа райы.

«Қыркүйек айы басталғалы жауын-шашынның айлық орташа көрсеткішінің 57% жауды. Синоптиктердің болжамынша алда күн ашық болады. Сондықтан диқандар мұны барынша пайдаланады. Былтыр осы уақытта бір млн га жуық алқаптың астығы жиналған еді. Биыл соның жартысы ғана орылды», — дейді Мейрам Меңдібаев. 

Өңір элеваторларына 180 мың тонна дәнді дақыл түсті. Жеткізілген бидайдың жартысы 3 класқа жатады. 

«Астық қабылдау орындарына бидай жоғары ылғалмен түсіп жатыр. Кептіру үшін қосымша шығын кетеді. Сондықтан биыл Үкімет алғаш рет диқандарға арзан бағамен сұйытылған газды бөлді. СҚО-ға мың тонна берілді. Өйткені өңірдегі 59 астық қабылдау орны газбен жұмыс істейді. Бұдан бөлек осы мақсатқа 20 мың тонна арзандатылған дизель отыны берілді, қазір өтініштер қабылданып жатыр», — дейді Мейрам Меңдібаев. 

СҚО-да бүгінде 46 элеватор және 332 астық қабылдау орны бар. Олар 7 млн тоннаға жуық дәнді дақылды кептіре алады. 

Естеріңізге салайық, биыл СҚО 4,4 млн га дәнді-майлы дақылдарды екті. Қазір алқапта 7 мың техника егін орып жатыр.  

Соңғы жаңалықтар