Биыл Жайық өзені қауіпті деңгейге көтерілуі мүмкін – БҚО әкімі

Жайық
Фото: uralskweek.kz

ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында биыл Жайық өзені қауіпті деңгейге көтерілуі мүмкін. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нариман Төреғалиев айтты.

Оның сөзіне қарағанда, өңірде қардың көп түсуі және күзде ылғалдың мол болуы көктемгі су тасқынына ықпал етуі ықтимал. 

Жайық
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Қазіргі кезде тоңның қалыңдығы 30-50 сантиметр аралығында. Оған жер бетіндегі мұздың жамылғысы қосылса, қар суы сай-саланы қуалап кетуі мүмкін. Әсіресе, биыл Жайық өзені ерекше назарда болуы керек. Өйткені Ресейдегі әріптестерімізден алынған ақпаратқа сәйкес ол жақта да қар қалың. Сондықтан қар күрт еріп, су тез келсе, облыста 1994 жылғы жағдай қайталануы мүмкін. Онда Жайық деңгейі 8 метр 30 сантиметрге жеткен болатын. 6 метрден асқан жағдайда саяжаялар суға кетеді. Сондықтан осындай мәселелер қатерге алынып, барлық дайындық жұмыстары жүргізілді. Әлі де пысықталады», - деді өңір басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су басу қаупі бар 147 елді мекен бақылауға алынғанын жазған болатынбыз. 

Жайық
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform
Соңғы жаңалықтар