Биыл жазда Баянауылдағы Жасыбай демалыс аймағына келген туристер саны 200 мыңға жеткен

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Келушілер санын анықтауға цифрлық жүйелер мүмкіндік береді. Туристердің басым бөлігі Жасыбай көлінің жағалауын таңдаған.

Жасыбай демалыс аймағы
Фото: Валерий Бугаев

Курорттық аймақта 50 қонақ үйі жұмыс істейді. Маусым басталар алдында су айдынының жағалауы абаттандырылып, инфрақұрылымы жаңғыртылған. Ал Сабындыкөлде қоғамдық жағажай мен визит-орталық ашылған. Туристер бұрынғыдай Жасыбайда ғана емес, Сабындыкөлде шомылуға жиі баратыны анықталып отыр. 

Дейтұрғанмен биыл жазда Жасыбайға келіп демалғандар саны өткен жылдарға қарағанда еселене түскені байқалған. Бір жазда 200 мыңдай турист бақылау бекеттерінен өткен.

– Қазір бақылау-өткізу жүйелері автоматты режимде жұмыс істейді. Төлем тек QR-кодтар арқылы жүзеге асырылады. Қолма-қол ақша қабылданбайды. Түсетін қаражат көлеміне қарап, туристер ағынының артқанын айтуға болады, - дейді Баянауыл ұлттық табиғи паркінің директоры Алмаз Жұмашев.

Ұлттық парктің мәліметінше, Жасыбай демалыс аймағына 2024 жылы - 161 мың, былтыр 190 мыңнан астам турист келген. Ал Сабындыкөл мен Торайғыр көліне ғана барып демалатындар саны бұл статистикаға енбейді.

Биыл Баянауылға 300 мың турист келеді деп күтіліп отырғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ Баянауылдың жеті кереметі туралы танымдық материалды оқи отырыңыз.