«Билік бір күндік бизнеске тосқауыл бола ала ма?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 желтоқсан, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландпен кездесті. Ең алдымен қос тарап шағын құрамдағы кездесу аясында келіссөз жүргізді. Онда қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің негізгі бағыттары талқыланып, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғарыш, мұнай-газ және теміржол машиналарын жасау салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Мемлекет басшылары сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттар туралы да пікір алмасты. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Еуропадағы еңселі ел Қазақстанмен қарым-қатынасын жандандыруға ұмтылады» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Франция Президентінің сапары еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңына орайлас келгеніне назар аударды. «Қазақстандықтар Франция біздің егемендігімізді алғаш болып таныған мемлекеттің бірі екенін біледі. Осы жылдар бойы біз бірлесе жұмыс істеп келеміз, елдеріміздің арасында стратегиялық серіктестік туралы шарт бар. Париж Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу идеясын Еуропадағы астаналар ішінен ең бірінші болып қолдады», - деді Н.Назарбаев.
«Біреу көріп, біреу еріп айтадының» кері ме, қысқы маусым басталса болды Семей қаласында «жылу жетіспейді» деген дәйексіз пікірлерге ерік беріліп жатады. Ал, шындығына келсек, мәселе жылуды беруде емес, қабылдауда болып тұр. Қажетті жылу қазандықтардан барлық тарапқа тиісті деңгейде жеткізілгенімен кейбір ғимараттар ішкі шаруашылықтың дұрыс қолға алынбағандығынан сол жылуды толық пайдалана алмай отыр. Оған себеп - ғимарат іші мен пәтераралық жылу жүйелерінің маусымға лайықты әзірленбегендігінен. Бұл шаруа тұрғындар мен пәтер иелері кооперативінің (ПИК) тікелей міндеті бола тұра, көпшілік бар кінәні атқарушы билікке аудара салуға құмар», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мақала авторының жазуынша, жылу мәселесі тұтас бір механизм іспетті болғандықтан қазандық пен тұтынушыға дейінгі аралықтағы жүйеге қандайда бір тосын ықпалдар болса, ол міндетті түрде жылу желісінің келесі бір нүктесіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан, тұтынушылар алдында жылу ақысын уақытылы төлеумен қатар жылуды пайдалану ережесін қатаң сақтаулары тиіс. Мақала «Жылу жетпей жатқан жоқ, пәтерден пәтерге өтпей жатыр» деген тақырыппен берілген.
***
Бүгінде шамасы келгеннің бәрі шағын бизнесін бастауға құмар. Елімізде нарық бәсекесіне төтеп беруді мақсат тұтып, бизнесін бастап жатқан кәсіпкерлер саны күн санап көбейіп келеді. Десек те, діттегені басқа бір күндік фирмалардың да саны өз көрсеткішінің шкаласын өзінше жасауда. Осы мәселе егжей-тегжейлі көтерілген мақала «Айқын» газетінің сенбік санында «Билік бір күндік бизнеске тосқауыл бола ала ма?» деген тақырыппен берілген. «Бір күндік фирмалар - бұл шынайы экономикалық кәсібін жүргізу үшін емес, салық төлеуден жалтару мақсатында құрылған ұйым. Яғни шынайы бизнесте дербес заңды тұлғалық белгілері жоқ, өзінің жалған әрекеті нәтижесінде салық төлеуші үшін маңызды деп саналатын салық салмағын жеңілдететін қағаз жүзінде ғана бар контрагенттер. Мұндай бір күндік бизнестегілер ел экономикасы үшін аса қауіпті екені сөзсіз. Кей мемлекеттердің билігі бір күндік фирмалармен шындап күресуге бел буған. Мұндай ұйымдардың ерекше белгілерін анықтауға тырысқан салық мекемелері жалған кәсіпкерлікпен айналысатын фирмалардың жалпы сипаттамасын жасап шыққан», - деп жазады автор.
«Айқын» газетінің жазуынша, қазақстандықтардың айыппұлдар бойынша мемлекет алдындағы қарызы 200 миллиард теңгеден асқан. Бас прокуратурада өткен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында осы түйткіл талқыға салынды. Мемлекет халыққа осы салада жан-жақты жағдай жасауда: айыппұлдарды үйден шықпай-ақ, «Электрондық Үкімет» порталы арқылы төлеу мүмкіндігі берілген. Жол жүрісі айыппұлдары бойынша бір апта ішінде төлегендерге жеңілдік ұсынылады. Алайда әкімшілік айыппұлдар салу туралы қаулылардың орын, далмау проблемасы толық шешілер емес. «Жиында айтылғанындай, соңғы 5 жыл ішінде 1,5 миллионнан астам азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне салынған айыппұлдарды төлемепті. Осылайша, өтелмеген айыппұлдардың жалпы сомасы 201 миллиард теңгені құрап отыр. Орындалмаған қаулылардың саны екі есеге дейін өскен: 2010 жылы 218 мың болса, биылғы жылы 574 мыңға жетті!», - делінген «Айыппұл ұялы телефондағы ақшадан өндіріледі» деген тақырыптағы мақалада.