Билік өкілдері «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасына тартылған жұмысшылардың әлеуметтік жағдайлары бойынша БАҚ-пен кездесу өткізді

АСТАНА. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов пен ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасына тартылған кәсіпорындар жұмысшыларының әлеуметтік және тұрмыс жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді.
None
None

ҚР Көлік және коммуникация министрлігінен мәлім еткендей, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен кездесу барысында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізді қайта салу жобасын іске асыру барысындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жұмысының нәтижелері талқыланды.

Қызылорда облысының учаскесі бойынша «Салини» АҚ, «Тодини» АҚ, «Импреза» АҚ және «Аккорд Окан» БК компаниялары бас мердігерлер болып табылады. Сондай-ақ жобаға 24 қазақстандық компания тартылды.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысындағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Айта кететін жәйт, жобаны іске асыру барысында қойылған басты талаптар - жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Осыған сәйкес, жобаны іске асыруға 15437 адам тартылды, олардың 8482-сі жергілікті тұрғындар. Жұмысшылардың орташа жалақысы - 87000 теңге. Жұмысшылардың жалақысы уақытылы төленіп, олар үш мезгіл тамақтану мен қажетті тұрмыс жағдайлармен қамтамасыз етілген.

Сонымен бірге, жобаны жүзеге асыру барысында жаңа жұмыс орындарымен қатар, орта және шағын бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылды. Ет, ұн, сүт және картоп сияқты азық-түліктің дені толықтай жергілікті өндірушілерден сатылып алынады.

Анықтамалық: «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізді қайта салу жобасы бойынша Қызылорда облысы арқылы өтетін жолдың ұзақтығы 817 шақырымды құрайды. Оның 230 шақырымы І техникалық санаттағы, 587 шақырымы ІІ техникалық санаттағы болады. Құрылыс барысында 8 елді мекен арқылы өтетін айналма жолдар, екі деңгейлі 14 жол айырығы, 4 темір жол өтпесі, 48 көпір, 336 құбыр мен малдар үшін 74 өтпе салынады. Жобаның жалпы құны 188 млрд. теңге.

Соңғы жаңалықтар