Билік органдары әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бұрынғыдан да баса мән беруі керек – Мәулен Әшімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Сенаты маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін Үкіметпен, әкімдермен және мәслихаттармен бірлескен жұмысын жалғастырады. Бұл пікірді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
Фото: senate.parlam.kz

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті. Жиын барысында Президентіміз жуырда өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы саяси реформалардың маңызды кезеңі болғанын айтты. Осылайша, билік тармақтарының тепе-теңдігі орнықты. Енді Парламент, жаңадан жасақталған Үкімет, әкімдер және барлық билік органдары әлеуметтік-экономикалық саладағы мәселелерді шешуге бұрынғыдан да баса мән беруі керек», - деді Сенат төрағасы.

М. Әшімбаев Президенттің бұл бағыттағы бірқатар басымдықты белгілеп бергенін, әлеуметтік-экономикалық саясат ең алдымен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы қажеттігін айтты.

«Бүгінде бұл мәселеде инфляция басты кедергі болып отыр. Соған байланысты Президент инфляцияның монетарлық және монетарлық емес факторларының әсерін азайтуды тапсырды. Бұл ретте күнделікті тауарлардың қымбаттауы өзекті мәселе екені белгілі. Оның себебін анықтау үшін өндірістен сатылымға дейінгі барлық тізбекті жан-жақты қарау қажет. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бағаның күрт өсуімен күресу үшін тұрақтандыру қорларын тиімді пайдалануды, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу бойынша заманауи инфрақұрылым құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды», - деді ол.

Оның айтуынша, барлық экономикалық саясат экономиканы әртараптандыруға және оқшаулауды ұдайы арттыра отырып отандық өндірісті дамытуға басымдық беруі қажет.

«Президент атап өткендей, елімізді индустрияландыру саясаты нақты әрі шынайы жүргізілуге тиіс. Ол үшін отандық банктерді ұлттық экономика мен өндірістерге кредит беруге жұмылдыру, бизнес пен инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау өте маңызды. Оған қоса, елімізге әлеуметтік-экономикалық дамудың негізі болатын жаңа Салық саясаты керек. Ол қосылған құны жоғары өнім өндірісіне салынатын инвестицияларды қолдауға және технологиялық экспортты ынталандыруға бағытталғаны жөн», - дейді М. Әшімбаев.

Экономикалық өсудің тағы бір маңызды шарты – энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке «Инвестиция орнына тариф» жаңа тарифтік саясатына көшуді тапсырған.

«Бүгінгі кеңесте Президент ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін де ерекше бақылау керектігін айтты. Бұл ретте экономикалық саясатты іске асыру және инвестициялар тарту үшін әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару әлеуетін де тиімді пайдалану қажет. Кеңеске облыстық және аудандық мәслихат төрағаларының қатысуы – осы бағыттағы маңызды қадам.

Сенат – бірінші кезекте, өңірлердің мүддесін қорғайтын палата. Сондықтан алдағы уақытта маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін Үкіметпен, әкімдермен және мәслихаттармен бірлескен жұмысымызды белсенді түрде жалғастыра береміз», - деді Мәулен Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар