Билік пен байлық халыққа тиесілі болатын әділетті қоғам құрмақпыз – Қазақстан Халық партиясы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков сайлауалды бағдарламаға жіті тоқталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото:t.me/qazaqstantv

«Біздің сайлаудағы бағдарламаның атауы – ел үшін, жер үшін билік халыққа! Бағдарлама үш бөлімнен тұрады. Ол билік халыққа, бай азаматтар – бай мемлекет және әр отбасы мемлекеттің қамқорлығында. Біздің мақсат – ел билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құру. Біздің формуламыз – әділ Президент, ықпалды Парламент және халықтық Үкімет. Осы орайда Мәжіліс пен мәслихаттарға нағыз билікті қайтару. Аудиторлар палатасын және заңды дайындайтын институтты Мәжілістің құрамына енгізу. Атқарушы билік аты затына сай болып қалу керек. Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік тіл мәселесін шешу жолында қандастарды қолдап отырған жалғыз партиямыз», – деді Қазақстан халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков Qazaqstan ұлттық арнасында өткен саяси партиялардың пікірсайысы барысында.

Оның айтуынша, әділеттілік соттан басталуы керек.

«Сол үшін аудандық соттарды халықтың сайлауын талап етіп отырмыз. Елімізде 3 млн кедей адам бар. Сонымен қатар 8 млн адам несиеден басын көтере алмай отыр. Біз кедейлікпен күрес туралы заң қабылдауды талап етеміз. Қысқа уақытта азаматтарды кедейліктен құтқарамыз және қайыршылықты жоямыз. Біз ұсынып отырған салық реформасынан кейін елімізде қуатты орта қалыптасады. Ауыл шаруашылығын дамытатын арнайы бағдарламамыз да бар. Сондай-ақ, аналар мен балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмысшылардың жағдайын жақсартамыз. Жаңа еңбек кодексін қабылдаймыз. Балаға берілетін жәрдемақыны 13 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін өсірсек, ал төменгі жалақыны 70 мың теңгеден 140 мың теңгеге арттырамыз. Одан бөлек, әйелдердің 58 жаста зейнетке шығуын талап етеміз. Жас отбасыларға мемлекет тарапынан уақытша баспана бөлінуі тиіс. Ал ипотека 3 пайыздан аспауы керек», - дейді ол.

Еске сала кетейік, «Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдерінің арасында өткен пікірсайыс бірер сағат бұрын аяқталды. Оған «Amanat» партиясынан Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, Respublica партиясынан Сырымбек Тау, Қазақстан Халық партиясынан Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Берік Дүйсембинов, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысты.


Соңғы жаңалықтар