Билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын ролі зор - С.Сүлеймен, БҚО

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен облыстық басқармалар мен бірқатар мемлекеттік органдар басшыларымен билік органдарына азаматтардың сенімін арттыру және жергілікті мемлекеттік мекемелердің ақпараттық қызметін жетілдіру мәселесіне арналған кеңесте мәлім етті.
Оның айтуынша, Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясы туралы Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға ерекше назар аударды. Мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында біржақты көзқарастан арылып, адамдарға мемлекеттік қызметтерді тиімді және жедел түрде көрсетуді міндеттеді. Мемлекеттік органдар БАҚ-тармен байланыс аясын кеңейтіп, олар арқылы атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа дер кезінде жеткізіп отырулары тиіс. Өкінішке орай, бұл мәселе әлі де болса өз деңгейінде емес. Кейбір басқарма басшылары ақпарат құралдарынан көрінуден қашқақтап жүреді. Жүзеге асып жатқан шаралар көбіне-көп БАҚ өкілдерінің бастамасымен жарияланады. Ал, шын мәнінде, бұл іске мемлекеттік органдар басшылары ұйытқы болулары тиіс.
Осы пікірді өз сөзінде облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Марат Тоқжанов та қостады. «Осы кезге дейін көптеген облыстық басқармалар мен бөлімдер медиажоспар жасауға ден қоймай келеді. Оған дәлел Елбасы Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі медиажоспарды тек облыстық денсаулық басқармасы мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті ғана жасап, бізге жолдады. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі (ОКҚ) әрбір апта сайын лауазымды тұлғалардың қатысуымен брифинг өткізіп келеді. Бұл, біріншіден, мемлекеттік органдар атқарып жатқан жұмыстармен халықты дер кезінде хабардар жасаса, екіншіден, ақпараттың жеделдігін арттырады. Осы бастаманы біз де қолға алуымыз керек. Әсіресе, ақпараттың жедел таралуына қол жеткізуіміз керек. Қазіргі ақпараттық технологияның дамыған заманында ақпаратты екі-үш күннен кейін берсек, оның қажеттігі де болмай қалады. Оны халық ғаламтордан оқып алады. Бізде жайбарақаттық басым. Кейбір басшылар журналистер мәлімет сұраса, «Ресми түрде хат жіберіңіз, жауабын береміз» деп сөзбұйдалыққа салады», - деді ол.
Кеңесте облыстық басқармалар мен департаменттерге жергілікті мемлекеттік органдардың веб-сайттарын жаңартып отыру, БАҚ-тарда халық алдында облыс басшылығының тапсырмаларының орындалу барысы туралы материалдар жариялап отыру жөнінде іс-шаралар жасақтап, оны жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар БАҚ-тармен өзара іс-қимыл, интернет-ресурстармен жұмыс жөнінде бөлімдер жасақтау тапсырылды.