Билік пен Қазақстанның тұтынушылар лигасы азаматтар құқығын бірлесіп қорғамақ

АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Қазақстанның тұтынушылар лигасы арасында сатылатын тауарларды бақылау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша өзаратүсіністік меморандумына қол қойылды.

Билік пен Қазақстанның тұтынушылар лигасы азаматтар құқығын бірлесіп қорғамақ

Тұтынушылар құқын қорғаудың дүниежүзілік күні аясында рәсімделген құжатқа министрлік тарапынан ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Тілеушин, ал лига тарапынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазақстан тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовская қол қойды.

Меморандумға сәйкес министрлік лига тарапынан түскен тұтынушылар құқының бұзылуы туралы деректерді қаперге алады, сатушылар, жеткізушілер, өндірушілер арасында тұтынушылардың құқығын сақтау қажеттігін түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ, техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы құқықтық актілерде әзірлеу ісіне лига қызметкерлерін тартатын болады. Өз кезегінде лига тұтынушылардың құқықтарының бұзылуы туралы ақпараттарды министрлікке беру мүмкіндіктерін қарастырады. Заң бұзылушылықтардың алдын алуға бағытталған ұсыныстарды әзірлеп, министрлікке жібереді.

Сондай-ақ, тұрғындарға құқықтық көмек көрсетеді.