Билік пен қоғам арасындағы ұлттық мүдде бойынша топтасудың өзі үлкен жеңіс- А. Сарым

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Билік пен қоғам арасындағы ұлттық мүдде бойынша топтасудың өзі үлкен жеңіс. Бұл туралы елордада Қазақстанның Ел бірлігі доктринасының қорытынды нұсқасының тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихатында комиссия мүшесі, А. Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қордың басшысы Айдос Сарым мәлім етті,

Билік пен қоғам арасындағы ұлттық мүдде бойынша топтасудың өзі үлкен жеңіс- А. Сарым

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көрші елдердегі орын алып отырған саяси жағдайларға назар аударатын болсақ, жалпы біздегі биліктің өзі қоғаммен тіл табыса алатындығын анық көреміз. Қазақ қоғамы мен биліктің арасында жік жоқ, айналып келгенде ұлттық мүдденің төңірегінде, үлкен құндылықтар негізінде бас біріктіре алатынымызды және осындай маңызды құжат жасап шығара алатындығымызды дәлелдеп шықтық. Менің ойымша, осының өзі үлкен жеңіс», деді А. Сарым.

Оның сөзіне қарағанда, бұған дейінгі жобаға қатысты көтерілген сынның баршасы түпнұсқаны талқылау барысында ескерілген. «Мәселен, осыған дейін «өмір сүріп келген еліміз бен жеріміз, ұлттық кеңістік құжатта орын таппады» деп мәселе көтерілсе, кейінгі нұсқада комиссия бірізді жұмыстар атқарып, ортақ нәтиже шығаруда жұмыла білді. Құжаттың бірінші сөзінің өзінде Қазақстан Республикасының осы кезеңге дейін болған саяси құрылымдардың, өзгерістердің жалғыз, дара мұрагері екендігі көрсетіліп отыр», деді А. Сарым.