Билік тармақтары саяси үдеріске дайын - сенатор пікірі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламенттің рөлін күшейтумен қатар, оның жауапкершілігі де артады. Бұндай пікірді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Кәлетаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңіз кеше үндеуді көрдіңіздер, осы орайда Мемлекет басшысы үнемі өзінің біліктілігін, парасаттылығын көрсетіп келеді. Бұл тұрғыда Елбасы елміздің ары қарай дамуы жағдайын алдын ала біліп отырады. Кешегі үндеуде Президент өзі бірінші бастап ұсыныстарды айтты. Менің ойымша, қазіргі кезде бұл бастамалар орнықты, яғни уақытымен жария етіліп отыр. Енді алдағы уақытта бұл ұсыныстарды сараптап, дұрыс шешім қабылдауымыз керек», - деді ол.
Сонымен қатар депутат Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлі күшейтілетіні туралы қадамның маңыздылығына тоқталды.
«Бұл құзыретпен бірге жауапкершілік те келеді. Сондықтан осы жағын ескеру керек. Мұнымен қоса, құзыретпен, жуапкершілікпен қатар саяси бәсекелестік те келеді. Менің ойымша, қазіргі таңда биліктің қай тармағы болса да, өзінің біліктілігінде осы үрдеріске дайын екендігін көрсетіп отыр»,-деді Д. Кәлетаев.
Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етті. Онда Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейту қарастырылған.