Билік Тәуелсіздік жылдарынан бері қатаң демократиялық үдерісті ұстанып келсе, алдағы уақытта да одан танбайды - Е. Ертісбаев
АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Билік Тәуелсіздік жылдарынан бері қатаң демократиялық үдерісті ұстанып келсе, алдағы уақытта да одан танбайды. Бүгін Елордада ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының «БАҚ бостандығы» сессиясында ҚР Президентінің кеңесшісі Ермұхамбет Ертісбаев осылай мәлім етті.
«Біздің шетелдік қонақтарымыз бүгінгі күні осы залда үкіметтік емес ұйымдар тарапынан сөз бостандығы мен жалпы Қазақстандағы қоғамдық- саяси жағдайға қатысты қарама- қарсы пікір орын алғанына таң қалып отырған болар. Мен бұл мәселеге таза саяси тұрғыдан қараймын. Осыдан бес жыл бұрынғы президент сайлауында жалпы жиынтығы 600 мыңға тарта қазақстандықтар Елбасы Н. Назарбаевқа қарсы дауыс берді. Бұл Қазақстан электоратының 10 пайызын ғана құрауы мүмкін. Дәл осы қазақстандық электорат бөлігінің көзқарасы бүгінгі отырыста айқын әрі ашық айтылды, деп есептеймін. Әрине, біз бұндай көзқарасты сыйлаймыз. Бірақ, демократия дүниеге келген Грекиядан бастап, бұл үдеріс қашан да көпшіліктің билігі болып табылады, соны еш естен шығармауымыз керек. Ал бұндағы көпшілік дегеніміз 6 млн. 186 мың қазақстандық, яғни Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын сөзсіз қолдайтын 91 пайыз электоратты білдіреді», - деді Е. Ертісбаев.
Сонымен қатар, мемлекеттік билік тек бүгінгі күні ғана емес, Тәуелсіздіктің 19 жылынан бері сынға алынып келе жатқанын айтқан Е. Ертісбаев, оппозициялық басылымдардың ешқандай кедергісіз қызмет етіп жатқанына бірқатар мысалдарды алға тартты.
«Егер кез келген газет, оның ішінде оппозициялық газеттер Конституция нормасын бұзса, оның ішінде ұлтаралық текетіресті тудыруға, жанжалды қоздыруға тыйым салатын Ата заңымыздың 5-і бабын бұзса, жеке тұлғаға тіл тигізсе Қылмыстық кодекстің нормасы арқылы жауапқа тартылады. Ал біздегі жағдайда жекелеген газеттерге заң арқылы қозғау болса, олар бірден проблема көтеріп шығады», деді Е. Ертісбаев. «Біз Тәуелсіздіктен бері қатаң демократиялдық үдерісті ұстанып келсек, алдағы уақытта да одан танбаймыз. Сондықтан да мыңдаған шетелдік қонақтар алдында үкіметтік емес ұйымдардың, билік пен оппозицияның арасында диалогтың болғанына әрі алда да болатынына үлкен сенім білдіре аламын», - деді ол.