«Билік жүйесінде өз орны бар» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 29 қаңтар, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Билік жүйесінде өз орны бар» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Билік жүйесінде өз орны бар» атты мақала жарияланды.

Газеттің жазуынша, Дүниежүзілік банк Қазақстанда Жастар корпусын дамыту жобасына 21,7 млн. доллар бөлмек. Бұл туралы кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етіп отыр.

«Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің сөзіне қарағанда, Келісімнің бірнеше мақсаттары бар. Біріншіден, жастарды, әсіресе, жұмыссыз, табысы аз, мүгедек, осал топтарға жататын санаттағы жастарды қоғам өміріне тарту болып табылады. Екіншіден, қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту бағдарламалары арқылы олардың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту көзделеді», - делінген мақалада.

«Осыған байланысты Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамыту жобасын қаржыландыруға жәрдем көрсету үшін Қазақстанға осы келісімде жазылған немесе айтылған тәртіппен 21,7 млн. доллар мөлшерінде грант бөледі», деді Аслан Бәкенұлы.

Министрдің сөзінен мәлім болғандай, Грант Траст қорының қаражаты есебінен қаржыландырылып, оны толықтыру үшін Дүниежүзілік Траст қорының донорынан кезеңдер бойынша жарналар алынып отырады. Негізінен, Жастар корпусын дамыту үш құрамдас бөліктен тұрады. Бірінші кезеңде 18 және 29 жас аралығындағы жастардың қоғамдық пайдалы қызметті жүзеге асыруға бағытталған жобалары қаржыландырылады. Әр жобаның ұзақтығы алты айға созылады және қаржыландыру саны бес адамға дейін жетеді. Ал жобаға қатысушылар ай сайын әлеуметтік стипендия алады. Қазіргі ақшамен бұл көрсеткіш 50-100 мың теңгенің аралығында. Сонымен бірге, жастар үшін бір апталық қаржылық сауаттылық және жобаны басқару бойынша оқыту өткізіледі деп күтілуде.

А.Сәрінжіпов ол туралы былай деді: «Тұтастай алғанда, Жастар корпусын дамыту жобасының бірінші бағытын жүзеге асырудың нәтижесінде республика бойынша 1700 жастар жобасын жүзеге асыру көзделеді. Бұған 8,5 мың жас азамат тартылады. Сонымен қатар, 100-ге жуық жастар ұйымы да осы жұмысқа қатысады».

Жобаны жүзеге асыру үшін жастар көп шоғырланған Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары таңдап алыныпты.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы, сонымен қатар, бүгінгі жарияланымда еліміздің тұңғыш Парламенті Сенатының төрағасы Өмірбек Байгелдімен сұхбат жариялап отыр.

1996 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының бірінші шақырылған Парламентінің бірінші сессиясы ашылғаны мәлім. Енді бір күннен соң атаулы күнге 20 жыл толады.

«1996 жылғы 30 қаңтарда Қазақстанның бірінші шақырылған Парламентінің бірінші сессиясы ашылды. Сессияның ашылуына қатысқан еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент алдындағы негізгі міндеттерді белгілеп берді. Бұл күн мен үшін де ерекше тарихи күн болды. Елбасының ұсынысымен Сенат депутаттары мені бірауыздан Сенат Төрағасы етіп сайлады», - деп еске алады сұхбаттасушы.

«Бұл өте жауапты міндет болатын. Ел тарихында бұрын қос палаталы Парламент те, Сенат та болған жоқ. Тыңнан түрен салғанда қателіксіз болмайтыны анық, ал бірақ бізге қателесуге болмайтын еді. Оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Жоғарғы Кеңестердің тарихы дәлел. Сондықтан, маған жүктелген міндет - тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде табиғи түрде туындайтын саяси текетірестерге ұрынбай, мемлекет құрылысындағы ауқымы зор қадамдарды ілгерілете отырып, енді ғана өмірін бастаған тәуелсіз еліміздің Парламентін шыңырауға да, құз-жарға да құлатпай, белгіленген мерзімнен аман-есен өткізу болды. Бұл ретте қос палаталы Парламентті қалыптастыру және жұмысын ұйымдастыруға үлес қосып, Мемлекет басшысының сенімін ақтауды мәртебелі міндет деп түсіндім. Сенатқа жүктелген міндет - асығыстық пен қарбаластыққа, негізсіздікке жол бермей, елдің бейбіт дамуына, еркін ілгерілеуіне қажетті нақты құқықтық шешімдерді, сапалы заңдарды қабылдау. Мәжілісте мақұлданған заң жобаларын егжей-тегжейлі талқылап, жан-жақты саралап, сүзгіден өткізіп барып қабылдауды мақсат еттік», - деп атап өтеді Өмірбек Байгелді.

Сұхбат «Қос палаталы парламент» деген тақырыппен беріліп отыр.

***

Биыл ақпан айының басында қазақстандық колониялар Қытай түрмелерінде жазаларын өтеп жатқан 7 отандасымызды қабылдайды, деп хабарлайды «Экспресс К» басылымы.

«Олардың алтауы есірткі қылмысы үшін сотталса, біреуі - адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған», - деп мәлімдеді кеше Сенатта Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель.

Өкінішке орай, отанына экстрадицияланатындардың қатарында былтыр Гуаньчжоу сотымен өмір бойына сотталған студент қыз Ақжарқын Тұрлыбай жоқ.

«Сот шешімі әлі күшіне енбеген, азаматша Ақжарқын Тұрлыбай оны қайта қарау туралы арыз жазған, - деді Иоган Меркель. - Түбегейлі шешім жасалғаннан кейін оған қазақстандық билікке хабарласқан жөн. Алайда бір гәп бар, Қытай тарапы Ақжарқынға қатысты Қазақстанда да дәл сондай жаза қолданылатынына сенімді болмаса, бізге оны бермейді».

Дегенмен Иоган Меркель егер Ақжарқын қазақстандық прокуратураға хабарласса, оның өтініші міндетті түрде қаралатындығын атап өтті.

Толығырақ, «В родной тюрьме и баланда слаще» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

Қазақстанда қолданылған және жаңа көліктердің бағасы шарықтауы ықтимал. Бұл туралы «Литер» басылымы хабарлауда. «В Казахстане может резко вырасти стоимость как подержанных, так и новых автомобилей» атты материалда жазылғанындай, ескі көліктерді утилизациялау үшін жиналатын алым нарықтағы бағаның күрт өсуіне әсер етпек. Дәурені өткен ескі көліктер үшін алымды көлік иелері ертеңнен бастап төлей бастайды.

«Шетелден көлік сатып алатын әрбір қазақстандық қалтасынан аталмыш мақсатқа қаражат шығындауы қажет болады. Ал Қазақстан аумағында жиналған көліктердің утилизациясына отандық көлік жасаушылар төлеуге міндетті болады. Бұл шығынды олар көліктің құнына қосатыны анық», - делінген аталған мақалада.