Билікті қайта-қайта басып алу халық үшін нәубетті жағдай - ҚР Президенті
СТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Билікті қайта-қайта басып алу халық үшін нәубетті жағдай. Бұл туралы бүгін Ақордада Қырғызстан мәселесіне арналған брифингте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттің тәуелсіздігін жариялау - ол бір мәселе, ал бұл тәуелсіздікті күшейтіп, ұстап қалу - ол басқа мәселе»,-деген Мемлекет басшысы, мемлекетте тұрақсыздық болса, дін және ұлт арасындағы қақтығыстар орын алса, онда даму мен адамдардың әл-ауқаты, мемлекеттілікті бекіту мүмкін емес екенін айтты.
«Ақыр соңында осындай мемлекеттерде күндердің бір күнінде басшылыққа нағыз диктаторлар келеді, немесе бұл елдер біреудің қуыршағына айналады»,- деді Елбасы. Осы тұрғыда Президент бұл жағдай өз кезегінде барлығы үшін де түйінді екенін қадап айтты.
«Қырғызстанда ең алдымен адамдарға жұмыс беріп, халықтың әл-ауқатын арттырумен айналысу керек еді. Ал билікті қайта-қайта басып алудың салдары халық үшін нәубетті жағдай»,-деді Елбасы.