Білікті мал дәрігерлерінің санын арттыру үшін қажетті мүмкіндіктердің барлығын қарастырған жөн - сенатор

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде ауылдың әлеуметтік жағдайын дамыту және ауылдық өндірістің тиімділігін көтеру бойынша қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан, ауыл шаруашылығындағы жұмысқа деген қызығушылық төмендеп барады.

Білікті мал дәрігерлерінің санын арттыру үшін қажетті мүмкіндіктердің барлығын қарастырған жөн - сенатор

Оның басты себебі еңбекақы деңгейінің төмендігі мен әлеуметтік жеңілдіктердің жоқтығы. Бұл пікірді бүгін сенатор Серік Ақылбай Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің атымызға Қарағанды облысының аудандық мәслихат депутаттарынан ауылдық елді-мекендерде дипломы бар біліктілігі жоғары мал дәрігерлері мамандарының жетіспейтіндігі жөнінде арнайы хат келіп түсті. Қарағанды облысының жұмыс берушілері 451 мал дәрігерінің жетіспейтіндігін айтып отыр. Сондай-ақ онда 28 агроном, 19- инженер-механик, 23 - ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласының инженер-технологтары, 11 зоотехник тапшы. Сонымен қатар онда тұрғындардың ауылдан қалаға тұрақты ағылу жағдайы байқалып отыр. Жастар ауылға баруға ынтасыз. Тәжірибелі кадрлар зейнеттік жасқа шыға бастады», деді сенатор.

Оның мәліметтеріне қарағанда, ауылда жұмыс істеп жатқан 30 жастағы жастардың мөлшері шамамен 9 пайыз. Бұл 10-15 жылдан кейін ауылдық елді мекен тұрғындары санының күрт азаятындығын білдіреді. «Жастарды және тәжірибелі дипломы бар, жоғары білікті мал дәрігері мамандарын тарту қажеттігі бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Түптеп келгенде біз айтып отырған мәселелер үрей тудыратын жәйт. Себебі аудан тұрғындарының негізгі бөлігі мал шаруашылығымен айналысады және сонымен өздерінің отбасыларын асырап отыр», деді депутат.

Осыған қарай ол мал дәрігерінің жағдайын жақсартып, ауылдық елді-мекенді көтеру үшін, оларды әлеуемттік жағдайларын білім және денсаулық сақтау саласы мамандарының қызметкерлерімен теңестіру сияқты өзге де бірқатар шараларды атқару қажеттігін атап көрсетті.