Біліктілік курстарынан өткен ұстаздардың жалақысына 100 пайызға дейін үстемақы қосылады - Білім министрі
АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Біліктілік курстарынан өткен ұстаздардың жалақысына 100 пайызға дейін үстемақы қосылады.
Бұл туралы бүгін елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өз жұмысын бастаған жалпы білім беретін мектептер педагогтарының біліктілігін арттыру курсы барысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.
«Біздің еліміздің негізгі тірегі - зияткерлік ұлт мүмкіндігі. Сондықтан да біздің балаларымыздың сапалы білім алуы маңызды. Ақылды экономиканы ақылды адамдар жасауы керек, ал олардың тәрбиесінде педагогтардың алатын алатын орны ерекше» - деп атап өткен министрдің сөзіне қарағанда, курс барысында мұғалімдер дүниежүзілік тәжірибе ескерліген жаңа технология мен әдістемені танып біледі.
«Біліктілік арттыру курстарын табысты аяқтаған әрі сәйкестік деңгейі сертификатына ие болған ұстаздардың жалақысын көтеру мәселесі де көзделеді. Үшінші деңгей сертификатын ие болған мұғалім өзінің жалақысына 30 пайыз үстемеақы алатын болады. Екінші деңгей сертификатының иегері 70, ал бірінші деңгей сертификатын алған мұғалім 100 пайыз жалақысына үстемақы алады», - деді Б.Жұмағұлов.
Айта кетейік, Астанамен бірге біліктілік арттыру курстарын тікелей трансляция арқылы Семей, Көкшетау, Өскемен, Талдықорған, Павлодар, Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалалары да бастады. Іс-шараға мыңнан астам мұғалім қатысуда.