Білім алудың дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн - Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды», - деді Президент Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында.

Мемлекет басшысының айтуынша, күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.

«Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жолдау кезінде Президент толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеуді тапсырды.

«Коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн платформа жоқ», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар