Білім басқармасы анасының рұқсатынсыз балаларын асыраушыға беру себебін түсіндірді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Ақмола облысы білім басқармасының мамандары ата-анасының рұқсатынсыз апалы-сіңілі қыздарды бала асырап алушы отбасына беру себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Білім басқармасы анасының рұқсатынсыз балаларын асыраушыға беру себебін түсіндірді

Еске сала кетейік, жақында апалы-сіңілілі қыздарды ата-анасы бола тұра бала асырап алушы отбасына тапсырғаны туралы ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты Көкшетау қалалық білім бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық органдарының дерегі бойынша 2011 және 2013 жылы туған апалы-сіңілілі қыздар 2017 жылдың 26 маусымынан бастап, ата-анасының қамқорынсыз қалған болып есепке алынды.

Кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың анасы 2017 жылдың 26 маусымынан бастап Ақмола облысының жасөспірімдер ісі бойынша мамандарылған ауданаралық сотының шешімімен ата-аналық құқығынан айырылған болатын.

ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес қамқоршылық және қорғаншылық органдары бір айдың ішінде балаларды жақын туыстарына, егер ондай мүмкіндік болмаса жетімдер үйіне тапсыруды шешу керек.

Алайда, бұл жолы апалы-сіңілілі қыздардың туған анасы қарсылық танытып, өзінен басқа туыстары жоқ екенін айтты. Сол себепті, қыздардың ата-ана құқығынан айырылған анасынан басқа туыстарын анықтауға мүмкіндік болмады.

Оған қоса, 2017 жылдың 16 ақпаны мен 24 шілдесі аралығында «Кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығы» мекемесінде болған кездерінде қыздарды туыстары іздеп келген жоқ.

«Осыған орай, Көкшетау қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 24 шілдедегі қаулысымен балаларға асырап алушы анықталды.
Ал, кейін уақы өте келе 2017 жылдың 2 қарашасында Көкшетау қалалық білім бөліміне апалы-сіңілілі қыздардың анасының туған әпкесінен кәмелеттік жасқа толмаған жиендерін асырап алу туралы өтініш түскен. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары келіншектің өтінішіне сәйкес ұсынылған құжаттарын тексере келе, оның отбасылық табысы бар-жоғы 49000 мың теңге екенін анықтады. Сол себепті, ҚР бір адамның күнкөріс деңгейі 24 459 теңге екенін ескере келе, ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінің 122 бабының 10 бөлігі негізінде қыздарды анасының әпкесіне асырап алушы ретінде рәсімдеуден бас тартты», деп түсіндірді білім басқармасының мамандары.

Қазіргі кезде, апалы-сіңілі қыздар Көкшетау қаласы әкімдігінің қаулысымен бектілген бала асырап алушы отбасында тәрбиеленуде. Ал, туған анасынан ата-ана құқығын қайтару туралы сотқа арыз түскен жоқ.