Білім беру гранттары бағдарламасы түлектерінің саны 14 адамға толықты

АЛМАТЫ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда Е. Тәтішев атындағы «Ержан» қоғамдық қорының Білім беру гранты бағдарламасының 2013 жылғы түлектеріне құрмет көрсету салтанаты өтті.

Білім беру гранттары бағдарламасы түлектерінің саны 14 адамға толықты

Биыл еліміздің оқу орындарында табысты білім алып шыққан 14 шәкіртақы алушы қордың білім беру гранты бағдарламасы түлектерінің қатарын толықтырды. Оның бесеуі тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, үшеуі балалар үйінің түлектеріне, алтауы мүмкіндігі шектеулі түлектерге берілді.

Білім беру гранттарының бірінші бағдарламасы 2007 жылы, ал қалған екі бағдарлама 2008 жылы іске қосылған болатын. 2011 және 2012 жылдарда қорда бітірушілердің екі тобы болды. Білім беру бағдарламасы шеңберіндегі қордың 21 түлегінің қатарына биыл 14 түлек қосылып отыр. Жалпы 2007-2012 жылдар аралығында білім беру гранты бағдарламасына 146 264 090 теңге жұмсалды. Осы жылдар ішінде барлығы 75 грант бөлінді.

Қор бағдарламаларының бірегейлігі - тек лайықты білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, шәкіртақы алушылардың жан-жақты дамуы мен кәсіби дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасауында. Білім беру гранттары бүкіл оқу кезеңіндегі оқу ақысын төлеумен қоса, ай сайынғы шәкіртақымен, жатақханада тұру құнын және өзге қаладан келген шәкіртақы алушыларға жылына бір рет үйіне барып қайту жолының ақысын қамтамасыз етеді.

Көптеген шәкіртақы алушылар бүкіл әлемнің студенттерін біріктіретін AISEC, SIFE және т.б. түрлі халықаралық бағдарламаларға белсенді қатысып отырады. Олар өз оқу орындарының үздік студенттері болып табылады және алмасу бағдарламалары бойынша 1-2 семестр аралығында шетелдік университеттерде білімдерін жетілдіре алады.