Білім беру нысандарында өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылуына жол бергені үшін 3,5 мыңнан астам лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Жаңа оқу жылына дайындық қарсаңында еліміздегі білім беру нысандарында өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылуына жол бергені үшін 3,5 мыңнан астам лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.
«Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа оқу жылына дайындық қарсаңында білім беру нысандарына жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Тексерудің нәтижесі өрт қауіпсіздігін сақтауда оң өзгерістердің барын көрсетіп отыр. Алайда, тексерілген нысандардың көпшілігі өрт қауіпсіздігі көңілге қонбайтын жағдайда жұмыс істеп жатыр. 2086 білім беру нысаны тексерілді, 9199 өрт қауіпсіздігінің нормасы мен ережесі бұзылғаны анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 3,5 мыңнан астам лауазымды тұлға тартылды. Оларға 4 млн. 542 мың теңге сомасында айыппұл салынды», деді В. Божко.
Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы білім беру нысандарында 17 өрт тіркелген. Нәтижесінде 400 мың теңгенің материалдық шығыны келген.