Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық көрсеткіштері төмендеп отыр ? Ж. Түймебаев
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық көрсеткіштері төмендеп отыр.
Бүгін «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы барысында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдардағы статистика мәліметтері білім беру саласындағы қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық көрсеткіштерінің төмендеп отырғанын көрсеткен. «2007 жылы қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға сәйкес білім беру жүйесіндегі 1 мың 331 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 863 адамды құрап отыр. Яғни, былтырғы жылы сыбайлас жемқорлық фактілері 35,2 пайызға төмендеді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзғандығы үшін 2007 жылы білім саласындағы 65 қызметкер әкімшілік жауапқа тартылды, ал 2008 жылы бұлардың саны 27-ге төмендеген. Яғни, құқық бұзып, әкімшілік жауапқа тартылғандар саны 58,5 пайызға дейін азайды. Барлығын қоса алғанда 2008 жылы жауапкершілікке тартылғандар саны 890 адамды құрап, бұл жалпы осы санаттағы құқық бұзушылықтардың 0,1 пайызына тең болады. Ал білім жүйесіне қарасты жемқорлық қылмыс бойынша сотталған тұлғалар саны - 84, яғни жалпы жемқорлық қылмысы үшін сотталғандардың 0,01 пайызды құрады», - деді Ж. Түймебаев.
Оның сөзіне қарағанда, білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың кең тараған түрі қаржылық заң бұзушылық, қаражаттарды жымқыру фактілері болып, бұл көрсеткіш 47, пайызға жеткен. Ал пара алу 12 пайызды, қызметтік жағдайын асыра пайдалану 6 пайызды, білімі туралы заңсыз құжаттар беру 4 пайызды құраған.