17:38, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Білім беру сапасын жетілдіру және әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу жолдары талқыланды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамының «Болон үдерісіндегі жоғары білім берудің сапасын жетілдіру: болмысы, мәселелері және келешегі» атты 39 ғылыми-әдістемелік конференция өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жақын болашақта республикадағы жоғары білім беруді реформалаудың негізгі кезеңдері аяқталып, соңғы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін Болон келісіміне қол қою жоспарлануда. Бұл бағытта осы уақытқа дейін не жасалды? Болашақта не істеу керек? Біздегі білімнің бәсекеге қабілетті болуы үшін не қажет? ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамының әдістемелік жұмыстарын қандай бағытта жетілдіру қажет? Ғылыми-әдістемелік конференцияда осы өзекті мәселелер талқыланды.Сондай-ақ «Болон үдерісі аясында бакалавриат-магистратура-докторантурадағы оқу үдерістерін жақсарту», «Болон үдерісі ұстанымдарына сәйкес жүзеге асатын білім берудің сапасын бағалау мен инновациялық әдістер», «Білім беру ұйымдары мен бағдарламаларын аккредитациялау-әлемдік білім беру факторы ретінде» секциялары бойынша бірқатар тақырыптар сараланды. Конференция әлемдік білім беру кеңістігіндегі ҚазҰУ-дың кірігу жолдарының тиімділігін арттыру және Болон үдерісі ұстанымдарына сәйкес жоғары білім берудің сапасын жетілдіру мақсатында өткізіліп отыр дейді ҚазҰУ өкілдері.Шараға ҚР Мәжілісінің депутаттары Динар Нүкетаева, Камал Бұрханов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және одан кейінгі білім беру департаментінің директоры Серік Өмірбаев, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша ЮНЕСКО-ның өкілі Таржа Виртанен, профессор Алекс Данилович, Пусан университетінің профессоры Янг Мун қатысты.