Білім беру ұйымдарының бухгалтерияларын орталықтандыру қажет ? Д. Нөкетаева

АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Білім беру ұйымдарының бухгалтерияларын орталықтандыру қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында білім саласындағы проблемаларды көтерген депутат Динар Нөкетаева осылай мәлім етті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі күні білім саласында қордаланған мәселелер аз емес. Соның ең бастысы, білім беру ұйымдарындағы бухгалтериялардың бөлшектенуі, бір орталыққа бағынбауы үлкен проблемаға айналып отыр. Атап айтқанда, бұл ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарының бухгалтерлер санын 3 есеге дейін артуына алып келді. Дегенмен, мектептердегі осыншама бухгалтерлердің біліктілігі де сын көтермейтіні анықталып жатыр. Мұғалімдер жалақысының кешігуі, зейнетақы қорларына уақтылы қаражаттың аударылмауы да сол бухгалтерлердің «іскерлігіне» байланысты туындайды. Осының дәлелі болса керек, кейінгі кездері ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарының қаржылық-шаруашылық саласы құқық қорғау органдары тарапынан жиі тексерулерге ұшырап отыр», - деді Д. Нөкетаева. Сонымен бірге, аталған проблеманы тиімді шешу мәселесіне тоқталған депутат, ол үшін білім беру ұйымдарының бухгалтерияларын орталықтандыру, электронды бухгалтерия енгізу керектігін атап өтті. Оның айтуынша, аталған шара ауылдағы мектеп бухгалтерлерінің санын кемітуге, бюджеттік қаржыны үнемдеуге, тексерістерді электронды жүйе арқылы жүргізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, орталықтандырылған бухгалтерия жемқорлыққа қарсы тосқауыл да бола алады. «Дәл осы мәселе денсаулық сақтау саласында оң шешімін тауып отыр. Сондықтан білім беру саласының қаржылық мәселесін оңтайлы басқаруға көшіру керек», -деді депутат.
Соңғы жаңалықтар