Білім беру жүйесінде жоғары оқу орындарының жаңа жіктеуіші енгізіледі - Білім және ғылым министрі
ТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, болашақта жоғары білім беру жүйесінде жоғары оқу орындарының жаңа жіктеуіші енгізіледі. Сондай-ақ жаңа институционалды элемент зерттеу университеті деген ұғым енгізіледі.
Бұл білім беру және зерттеу процесін біріктіру тенденциясын іске асыруға және білім мен ғылым арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік береді. Бұл туралы министр бүгін Астанада өтіп жатқан «Тәуелсіздікке 20 жыл: Қазақстан Республикасындағы адам капиталын дамытудың сапасы мен болашағы» атты халықаралық конференция барысында мәлім етті.
Министрдің сөзіне қарағанда, аталмыш мәселелер Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген. «Әлемдік тәжірибеге сай жаңа жіктеуіштің әрбір деңгейі бойынша жаңа талаптар әзірледік. Бұл талаптар қазақстандық жоғары оқу орындарын институционалды түрде реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кадрлар даярлаудың сапасын арттырады»,- дейді министр.
Б.Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, осы жүйеде халықаралық және республикалық деңгейде академиялық мобильділікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Ал академиялық мобильділік - Болон процесінің маңызды принциптерінің бірі. Қазақстанда алғаш рет академиялық мобильдікті мемлекеттік қолдау тетігі енгізілді. Енді ұлттық университет студенттері мемлекет есебінен семестр бойы үздік еуропалық жоғары оқу орындарында, ал аймақтық жоғары оқу орындарының студенттері ұлттық университеттерде оқи алады»,-дейді ведомство басшысы.