Білім беруде журналистика мен саясаттану мамандығына бөлінетін гранттар санын арттыру қажет - Е. Исақұлов
АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ержан Исақұлов Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың атына сауал жолдады. Онда депутат алдағы уақытта сұраныстардың өсуіне орай журналистика мен саясаттану мамандығына мемлекеттік гранттарды арттыру мәселесін қозғады.
Депутат сауал барысында ағымдағы жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану факультеті ашылғанын айта келе, ондағы оқыту үрдісінде журналистка мен саясаттану ғылымдарының бай дәстүрі сақталғанын, заман талабына сай озық технология мен соңғы үлгідегі оқу-әдістемелік құралдары пайдаланылатынын атап өтті. «Бұрын Қазақстан бойынша журналистиканың қазақ бөліміне 50, орыс бөліміне 50, саясаттану бөліміне 50 адам грантпен қабылданатын. Ал биыл қазақ бөліміне 35, орыс бөліміне 27, ал саясаттану бөліміне 30 ғана мемлекеттік грант бөлінді. Ағымдағы жылы жаңа ашылған факультетке 200-ге тарта талапкерлер құжат тапсырыпты. Ал мемлекет тарапынан бөлінген білім гранттары алтын белгі иегерлері мен олимпиада жеңімпаздарына, ауыл квотасы бойынша келген үміткерлерге ғана бұйырды. Сондықтан да, қажетті 100 баллдан 100 балл алған талапкерлер оқуға түсе алмай қалды», -деді Е. Исақұлов.
Сонымен бірге, депутат бүгінгі күні телерадио арналар мен газет-жұрналдарының саны артып отырғанын, бұларға заман талабына сай интернет-журналистикасы да қосылғанын айтты. «Соған қарамастан, грант саны жыл сайын кеміп отыр. Қазақ журналистеріне, баспагерлеріне, саясаттанушыларына деген нақты сұранысты ескере отырып, алдағы жылдары осы мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны арттырылса екен», -деді Е. Исақұлов.