Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы толық көлемде іске асқан жоқ - Д. Нөкетаева

АСТАНА. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы толық көлемде іске асқан жоқ.

Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы толық көлемде іске асқан жоқ -  Д. Нөкетаева

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың жай-күйі мен болашағы» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың айтуынша, 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламаның толық көлемде іске аспау себебінен 12 жылдық білім беруге көшу кейінге шегерілген. Оның сөзіне қарағанда, жалпы бағдарлама бойынша білім саласындағы оң өзгерістерге жетелейтін реформалар аяғына дейін жүргізілмей қалды.

«Соңғы кездері әлемде базалық білім берудің сапасына баса көңіл аудару белең алуда, яғни бұл халықтың өмір сүру деңгейін жақсартудың басты шарты ретінде танылып отыр. Осы орайда мектепке дейінгі желілерді дамыту аса маңызды болып табылады. Қазақстанда бес-алты жастағы балаларды мектепке дейінгі дайындықтан өткізуді біртіндеп жүзеге асыру жоспарланып отыр. Әрине, бұл оңай шаруа емес, өйткені бүгінгі көрсеткіш өте төмен. Елбасының тапсыруымен «Балапан» бағдарламасы іске асырылмақшы. Бұл ретте мемлекеттік балабақшалармен бірге жекеменшік балабақшаларды да көптеп ашу көзделіп отыр. Дегенмен, ата-аналардың басым бөлігі балаларын жеке меншік балабақшаға беруге шамасы жоқ. Сондықтан мемлекеттік балабақшаларды көптеп ашуды қолға алған жөн деп есептейміз», деді Д. Нөкетаева. Сонымен қатар, депутат 12 жылдық білім беруге көшуді шегеруге қатысты жағдайларды мұқият тексеру қажеттігін алға тартады.

«Мүмкін, қазірден бастап 9-шы сыныптан кейін, балалардың қабілетіне байланысты гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық оқуларға бейімдеп гимназия, лицейлерге оқытуды, ал техникалық кәсіптік білім алуға бейімдерін бейіндік білім беруді бастаған жөн болар. Бұл үшін мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы мектеп жанынан оқу-өндірістік орталықтар ашса. Сонда балалар 11-ші сыныпты бітіргенде белгілі бір мамандық иесі болар еді. Яғни 12 жылдық оқытуға көшуді жоғарғы сыныптардан бастаған жөн болатын сияқты. Бұл 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшудің өтпелі кезеңінің базасын құрап, аталған бағдарламаны тезірек жүзеге асыруға септігін тигізер деп ойлаймын», деді Комитет төрайымы.